Санаулы күн бұрын айтыс жанашыры Жүрсін Ерман әлеуметтік желіде жазба жариялап, айтыстың жағдайы турасында Иманғали Тасмағамбетовке мұңын шаққан еді. Енді Жүрсін Ерман жетекшілік ететін WWW.AITYSKER.ORG сайтының байланыс бөлімі жауаптысы, айтыскер ақын Шұғайып Сезімхан айтыстың телеарналардан көрсетілмей жатқанын жазып дабыл қақты. Салмақты ой мен сұраққа толы мақаланы «Қамшы» порталы да оқырман назарына ұсынады.
Былтыр еліміздің түкпір-түкпірінде Республикалық және Халықаралық он үш айтыс өтіпті. Өкінішке орай, сол он үш айтыстың біреуі ғана ұлттық арнадан төбе көрсетті. Оның өзін «жүнін жұлған тауықтай» күйге түсіргендерін көзімен көргендер біз айтпай-ақ жақсы білетін шығар. Десе де көрсетпегеннен жақсы ғой деп шүкіршілік еткеніміз де жөн-ау… Ал қалған 12 айтыстың көпшілікке көкжәшік арқылы жол тартпауының мәнісін біз де ұққан жоқпыз, әйтеуір эфирден аластатылғанға ұқсайды.
Наурыздың 12 күні Алматыда өткен «Асқақтай бер Алматы» атты айтысты Алматы арнасы түсірген болатын. Теледидарға телміргенімізді қайтейік, көрсеткен жоқ.
Шілденің алтысындағы Астананың төл мерекесіне орай өткен «Бағаналы ордам- басты ордам» атты айтысты түсірген «Хабар» арнасының сол кездегі директоры Ринат Думанұлы Кертаев: «Айтысты жақында «Хабар» арнасынан кеспей, қимай толық көрсететін боламыз» деген уәдесінде тұрған жоқ. Ол айтыс та эфирден ғайып болды.
Желтоқсанның 3-4 күні Алматы қаласында жылдың қорытынды «Алтын домбыра» айтысы өтті. Бұл айтысты түсіруге еш телеарна ықылас танытпаған соң Алматы қаласы әкімшілігінің өтініші бойынша «Еуразия» телеарнасы түсіріп, 31 желтоқсан мен 1-2 қаңтар күндері көрсетеміз деген болатын. Жарнамамен солай жар салғанымен, қалың қазақ тағы да мәссаған, «мен алдандым» дегендей тағы бір санын соғып қала берді. Ең сорақысы, бұл жолы берілетін айтыстың уақытында айтыс емес, айтыстың орнына көгілдірлер көлбеңдеп концерт берді. Бұл сонда айтысты мазақ қылу ма не?
Қытайда қазақ тіліндегі хабар тарататын «Шыңжан 3» және «Шыңжан 8» телеарналары мен «Шыңжан халық радиосы», арғы беттегі ағайындар арасында өткен айтыстарды міндетті түрде көрсетіп отырады екен. Ал өз елімізде төл өнерімізді әспеттеудің орнына, телеарна біткен айтыс десе ат тоңын ала қашады. Осыншама төл өнерден безетіндей басымызға не күн туды?! Нені асыра сілтеп айтып қойып едік? Басқасын айтпағанда «қазақтың құлағы», «ұлттың үнжариясы» деп жүрген «Қазақ» радиосы да айтыстан іргесін аулақ салды. Былтыр айтыс «ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енді»,- деп әлемге жар салдық. Бірақ содан айтыстың көсегесі көгергені шамалы. Сонда бүгінгі таңда көгілдір экранға ену үшін, адам түсінбейтін сөздерге жазылған ән салып, мақтау мен мадақтаулар айту керек пе? Әйтпесе он үш айтыстың біреуі ғана жарыққа шығатындай айтыс жерге қарап тұрған жоқ еді ғой. Жоқ әлде, өлген соң ұлылары туралы ауыз толтырып айтатын бағдарлама ашып жоқтауға кірісетін телеарналарға айтыс та міндетті түрде «қайтыс» болуы керек па?
Шұғайып Сезімхан, айтыскер ақын