Демократиялық күштердің "Қазақстан-2050" жалпыұлттық коалициясының отырысында ҚР Президенті жанындағы Ұлттық комиссияның Жұмыс тобының жетекшісі Ерден Қажыбек Латын негізді қазақ жазуының реформасы - рухани жаңғыруымыздың шешуші факторы, терең мәнге ие бастама екенін айтты деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
- Мемлекеттік тілді жаңа әліпбиге көшіру жөніндегі Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық комиссияның Жұмыс тобының жетекшісі әрі кәсіби лингвист ретінде айтарым – тәуелсіз Қазақстан тарихын екі маңызды кезеңге бөлуге болады.
Бірінші кезең – 2017 жылдың 12 сәуіріне дейінгі тарих. Екіншісі – одан кейінгі уақыт.
Өйткені 2017 жылдың 12 сәуірінен бастап еліміз дүние жүзіндегі ең озық, дамыған, өркениетті мемлекеттердің ұстанымы бойынша өмір сүре бастады.
Енді ұлттық саясатымыздың басты мақсаты, мемлекетіміздің қоғам алдына қойған негізгі талабы – рухани тазару, рухани жаңғыру, рухани кемелдену.
Мұның өзі еліміздің жоғары биік деңгейге көтерілгенінің – Елбасы сындарлы саясатының жемісі екені даусыз.
Мұның өзі «малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деген ұлттық рухани құндылықтарымызға түбегейлі бетбұрыс басталғанының сәтті қисыны.
Елбасы: «Алдымен экономика, содан соң саясат» – деген ұстанымын тиянақтап, енді халқымызды «тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерімізді қайта түлетуіміз керек» деп, жаңа белестерге жетеледі.
Олар, атап айтсақ, заман талабына сай – бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлік, білім салтанаты, эволюциялық даму және сана ашықтығы.
Осылардың діңгегі, іргетасы, мазмұны әрі формасы – тіл екені бесенеден белгілі.
Олай болса, латыннегізді қазақ жазуының реформасы – рухани жаңғыруымыздың белортасы, шешуші факторы, терең мәнге ие бастама.
Бұл тек қана тілдің реформасы емес – діл реформасы, жанымыздың жаңғыруы, маңызды стратегиялық бағдарлама.
«Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген ұлағатты пайымның ұлыстық, этностық шеңберінен шығып – ұлттық, мемлекеттік, азаматтық мәртебеге ие болуының айқын айғағы бұл.
Бұл – болашағымыздың тізгінін өз қолымызға алудың, Президент сөзімен айтсақ, «болашаққа бағдар», «рухани жаңғырудың» өзегі, Қазақстанның 30 дамыған елдің қатарында сап түзеуінің жарқын кепілі.
Ұлт көшбасшысы – Елбасы тапсырмасына сәйкес бұл келелі мәселе қалың жұртшылықтың белсене қатысуымен іске асырылуда. Елдің түкпір-түкпірінен, шетелден, ауылдан да, қаладан да, халық қалаулылары мен мемлекеттік қызметкерлер, ғалымдар мен зейнеткерлер, жастар мен сырттағы отандастарымыз – бәрі де өз үлестерін қосуға тырысуда, бәрі де баталарын беріп, тілеуін тілеуде.
«Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» дейді халқымыз.
Біз ғылыми ортада, зиялы қауым өкілдері арасында көптеген басқосулар ұйымдастырдық.
Ұлттық комиссияның жұмыс тобының бастамасымен 20-дан астам ғылыми-ұйымдастыру және ғылыми-тәжірибелік іс-шаралар өтіп, оларға екі айда 2,5 мыңнан астам ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Шілде айында Стамбул қаласында өткен халықаралық түркологтар құрылтайында бұл мәселе жан-жақты қарастырылып, халықаралық деңгейде қолдау тапты.
Ақпарат құралдарына келетін болсақ, Елбасының бағдарламалық мақаласы жарияланғаннан бері қазақ әліпбиін реформалау туралы екі мыңға жуық сараптамалық мақалалар мен пайымдаулар жарық көрді.
Әлеуметтік желілерде 1800-ден астам мазмұнды жазбалар шықты.
Осының барлығы – әрдайым біздің назарымызда.
Жобалар мен нұсқалар сұрыпталып: «интернет, IT» «түркілік», «қазақ филологиялық», «ағылшын-еуропалық», «UNICODE», «кирил-латын», «құрама», «әуесқой» деп топтарға бөлінді.
Қуантатыны – бүгін қазақстандықтардың басым көпшілігі осы үрдісті сана-сезімімен, шын жүрегімен, жан-тәнімен қолдайды.
Мәселен, белгілі отандасымыз, тілші профессор, Қытай азаматы Мұрат Сұлтаншәріпұлы, Ресейлік отандасымыз, мәскеулік, танымал алтаист-түрколог Эрколи Азербаев, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев, көптеген шетелдік ғалымдары – Еуропа мен АҚШ-тан, Түркия мен Кореядан, өңірлерден – ұсыныстар, хаттар, жобалар келіп жатыр.
Ерекше атап өтуге болатын іс-шара – «Тамыры терең әліпби» атты харықаралық конференция.
Бұған Висконсин университеті мен Стамбул университетінің профессорлары, Орта Азия республикаларының ғалымдары қатысты.
14 облыстан, 2 ірі қала (Алматы мен Астанадан) тілге жауапты қызметкерлер, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Тіл – ұлттық кодтың бастысы, рухани жаңғырудың арнасы, халықтың жан-дүниесі, мемлекеттің бетбейнесі.
Елбасы айтқандай, жарқын болашағымыз – осы мемлекеттік тілде.
Олай болса, тілімізді бүгінгі «тұсауланған» күйінен арылту, заман талабына икемдеу – ана тіліміздің алдындағы азаматтық та, перзенттік те борышымыз.
Негізгі мақсат – тілдік қажеттілікке тікелей байланысты.
Дүние жүзінде әр тілде әріп құрамы төл дыбыстар санынан әлдеқайда аз – бізде олар көп болды.
Дүние жүзінде әр тілде төл дыбыстары көрініс табады – біздің тілімізде бөгде тілдік таңба-дыбыстары аз емес.
Дүние жүзінде сауатты, емле қатесіз жазу үйреншікті дәстүрге айналған – бізде ғана ережені бұзып жазуға етіміз үйреніп қалғандай.
Тілдік реформамыздың негізгі мақсаты – төл, қазақы Ахмет Байтұрсынұлы және оның ғылыми мектебі іргесін қалаған ілімге – оралу болып табылады.
Осы бағытта – жұмыс тобы өткізген республикалық Ахмет Байтұрсынұлы мұрасын зерттеуге және сараптауға арналған конференцияны атап өткен жөн.
Мен бұл жерде латынға бізден бұрын көшкен түркітектес мемлекеттер мен ЕО елдерінің тәжірибесі мұқият сарапталғанына назарларыңызды аударғым келеді. Кемшіліктері анықталып, артықшылықтары тізілді.
Енді, жоспарымыз бойынша кешенді түсіндіру мен насихаттау жұмыстары, тренинг пен семинарлар республиканың барлық өңірлерінде –жалғаспақ.
Ең бастысы, маңызы орасан зор бұл келелі іс
жүйелі,
кешенді,
кезең-кезеңімен,
жоспарлы түрде,
науқаншылдыққа бой алдырмай,
белгіленген тәртіппен
іске асырылады.
Бірінші көшпелі отырысымыз Алматы облысы – Талдықорған қаласында табысты өтті. Материалдары жеке кітап болып басылды.
Бүгін / еліміздегі тіл саласындағы / ең белді ғалымдардың бес ай бойғы қажырлы еңбегінің нәтижесінде жасалған үлкен ұжымдық еңбекті / сіздердің назарларыңызға ұсынғалы отырмыз.
Әрине, жұмыс барысында, жоғарыда айтып кеткендей, сан түрлі – жүзден астам – ұсыныстар келіп түсті.
Біз барлық нұсқалардың артықшылықтары мен кемшіліктерін саралай отырып, тамыз айында екі нұсқаға тоқтап, қыркүйек айында – бір пайымға келдік.
Сондықтан, латын әрпіндегі қазақ әліпбиінің бұл жобасын осы салада айтары бар барша қазақстандық ғалымдардың ортақ ұсынысы деп қабылдауларыңызды сұраймыз.
Тағы бір маңызды мәселе.
Қазақстан бұл тарихи шешімге өз еркімен алғаш рет қадам басты.
Мұны Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің бағдарламалық мақаласында ашық көрсетті.
Басында бізде көне түркі руна жазуы болды.
Одан кейінгі араб және кирилл жазуын біз өз еркімізбен таңдаған жоқпыз.
Жиырмасыншы жылдары латынға көшуді бастаған да – кеңес үкіметі. КСРО-да жазуы қалыптасқан ұзын саны 72 тілдің басым көпшілігі, дәлірек айтсақ, 66-сына латын әліпбиі жасалынып, ресми түрде 50 тіл жаңа латын жазуына көшірілді.
Бұл тұрғыдан келгенде, Елбасы сөзінен артық айту мүмкін емес:
“Қазақ тілінің әліпбиін өзгерту тарихы – негізінен нақты саяси себептермен айқындалып келді”.
Дөп басып дәл айтылған сөз!
Қазақстан таңдау жасауға асықпады.
Соңғы ширек ғасыр ішінде Елбасы бір емес, бірнеше рет арнайы тапсырма берді.
Баса айту керек, Елбасы шешімі – Қазақстан халқының ортақ таңдауы.
Бұл – ұлттың рухани жаңғыруы мен ел дамуының орасан зор, ең маңызды, басты алғышарты болып табылатын – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілінің қажеттілігі мен дамуы жолында ерікті түрде қабылданған пайым, тәуелсіз таңдау.
Дамыған өркениетті елдердің қатарына ену үшін мемлекеттік тіл, Елбасымыз айтқандай, қоғамдық өмірдің және мемлекеттің барлық саласында толыққанды қолданыста болуы керек.
Олай болса, баяндамамды Президент сөзімен аяқтауға рұқсат етіңіздер: «Латынға көшу – қисынсыз мәселе емес, заман талабы».
Осы кесімді тұжырым – біздің реформамыздың квинтэссенциясы.