Бұл тірлікте, ұтылған, ұтқан бар ма?
Бұл тірлікте, жығылған, жыққан бар ма?
«Өлсе, өлер, табиғат, адам өлмес...»-
Деген сөзін Абайдың ұққан бар ма?..
Пенде өле ме, артына қарай-қарай?
Не айтты онда оңаша Абайға – Абай?
Барлық пенде - өледі, ол ақиқат,
Ал, «табиғат өлгені» - қалай, қалай?
Пенде – көніп, табиғат - көнбейтіндей,
Адам көріп, табиғат - көрмейтіндей.
Ал, біздіңше, адамдар – өлгенімен,
Ешқашан да «табиғат» - өлмейтіндей.
Табиғатты – пенделер тонады ма,
Өлген жанды табиғат орады ма?..
Ал, біздіңше, «табғат» - мәңгілік те,
Пенде – өмірдің уақытша қонағы ма?
Жанды – дұрыс тануға талап бар ма?
Қателіктен - алынар сабақ бар ма?
Ұлы Абайдың сондағы «адам өлмес»-
Дегеніне өмірде жауап бар ма?
Тартып алатын да адам – бермесіңе,
Қоймайтын да сол пенде, сенбесіңе.
Өлетіні Адамның - ол ақиқат,
Онда Абайдың бұл жерде «өлмесі»- не?
Әнді күткен сияқты, «мәнді» күтпей,
Осы арада, біздіңше, «бар күдіктей»?..
Пенде атаулы – Жалғанның қонағы да,
Ал, біздіңше, «табиғат» - мәңгіліктей.
Тағдыр салды, әрине, көндігемін,
Ұлы Абайды, мен қалай «көндіремін»?
Соншалықты Абаймен таласатын,
Деймін тағы: «бұл жерде мен кім?»-едім?
Бұл тірлікте қаншама сынақтар бар,
Ұғатын да, ұқпайтын «шырақтар» бар,
Абай ғана жауабын бере алатын,
Бұл Өмірде қаншама Сұрақтар бар?..
Ой деген де – сыңсыған орман екен,
Адасқанға – «сол» менен «оң» да бөтен.
«Өлсе, өлер, табиғат, адам өлмес!..»
Дегенде Абай, не айтпақ болған екен?..
Жұмаш Кенебай