Блогер Садық Шерімбек өзінің Facebook парақшасында Президентке ұсынылған латын қарпіне байланысты пікірін жазды, деп хабарладйы Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
"Қазақ тілінің латын әліппесіне көшуін барынша қалайтынның бірі менмін. Өткенде министрліктің, тіл комитетінің қызметкерлеріне ресми релиз шыққанша ештеңе жазбаймын деп айтып едім. Ал, бүгін шыққан екен, демек осыған 5 тиынымды қосып, інілік сөзімді айтсам ешкім ренжімес, енді.
Осыдан бір айға жуық уақыт бұрын Астана қаласында Тіл комитетінің жабық отырысы өтті. Барған кезде, оның жабық форматқа өтетінін айтқан министрліктің мамандары тіпті, Хабар арнасын түсірткізбей қайтарып жібергендерін айтты. Бірақ, мен өзімнің блоггер емес, IT саласының маманы екендігімді айтып, жабық отырысқа кіруге мүмкіндік алдым. Әлбетте, әлеуметтік желіге ресми релиз шыққанша ештеңе жазбауға сөз бердім. Конференс залға кіріп, бір бұрышқа жайғастым. Жабық отырысқа келіп отырғандардың 90 пайызы жастары +60 ақсақалдар еді. Еліміздегі тіл біліміне үлес қосқан көптеген ғалым аталардың жиналған отырысында, өзім ғана ешкімге кедергі келтірмей отырдым. Бір кезде отырыс та басталды. Арасында жөні түзу әңгіме айтқандар болмады емес. Бірақ, біразы тыңдалмады да. Жүйелі айтылмады да. Бір кезде отырған ақсақалдар бір-бірін мақтап жөнелмесі бар ма?!
- Бұл Пәленше ағамыз Кеңес Үкіметі кезінен бері қазақтың маңдайына біткен бірден бір фонетик ғалым ғой. Ол кісі бұл мәселеде қателесуі тіптен мүмкін емес! - деп қойып қалды.
- Бұл әліппемізді жас ұрпақ кемі 300 жыл қолданатын болады! - деді оптимизмге толы екінші ақсақал.
Ощм, ол жердегі әңгімелердің примерно легі осындай болды. Бір сәтте ол жердегі жиналып, латын нұсқаны қолдағалы отырған кісілердің көбісі жалпыхалықтық аурадан мүлдем хабарлары жоқтай көрінді. Бірнәрсе анық еді. Ол жердегі біздің болашақ латын нұсқамызды таңдауға келген кісілердің жартысынан көбісі әлі күнге дейін тіпті компьютер қолданбайтын, әліге дейін қолмен жазатын кісілер екенін түсіндім. Ол кісілердің ары кеткен 10-20 жылдары қалған болар. Ендеше, өздері қабылдағалы отырған латынды болашақта қолданатындарына да күмәндандым, ощм.
Сонымен, отырыстың 15 минутында төрде отырған төраға қайта-қайта қыздарға көзімен нұқып, мені кездесуден шығарып тастауды бұйырып отырды. Үш рет қасыма келген қыз әртүрлі сылтау айтып мені шығарып жіберуге тырысты. Үшіншісінде, өзім әлгі жерге айтылып жатқан абсурдтарды тыңдауға құлағым зорланған күйі кездесуден шығып кеттім. Керісінше, бұл мәселені болашақта белсенді қолданатын ғылымдағы жастармен ақылдаса отырып жасаудың орнына әліге дейін баяғы "хомосоветикус" танымымен ойланып, шешім қабылдап жатқан ел ағаларына өкпем қара қазандай болды, шыны керек.
Уа, Ағалар! Тағы да қайталап айтамын! Жастар сіздердің нұсқаларыңызды қолданбайды! Өйткені, оны өздеріңіз де қолданбайсыздар! Технологияның иісі мұрындарыңызға бармай тұрып, латынның елдің технологиясының дамуына үлесі туралы сөз айту сіздер тараптан барып тұрған қып-қызыл абсурд дүние! Президентке бүгінгі нұсқаны таныстырудың өзі ұят деп білемін! Сенбесеңіздер, осы нұсқаларыңызбен қазақша екі сөйлем жазып көріңіздерші! Клавиатура ауыстыра беріп, қол ауырып кетеді. Сіздер оны білмейсіздер. Өйткені, телефонда жазатындарыңызға күмәнім бар. Ақылға келіп, жастардың ақылдарын да тыңдап, санасуға шақырамын! Онсыз да жағдайларыңыз саЕбиз һәм аЕбиш болып жатыр. Қазақ үшін жасаған еңбектеріңіз аз емес. Ендеше сонша еңбектің нүктесін әдемі қойып, абыроймен зейнетке кеткілеріңіз келсе, дәл осы латын мәселесін жастардың, жас ғалымдардың өзіне қалдырыңыздар! Өйткені, болашақ қазақ латын әліппесінің иесі біз, жастар! Өзімізге не керегін жақсы білеміз! "Кеңесіп пішілген тон келте болмас" дейді. Жабық отырыста кеңесіп жатқандарыңыз дұрыс-ақ. Бірақ, бұл тілде тек сіздер сөйлеп һәм жазып жатқан жоқсыздар. Сондықтан, аға буын өз-өздерімен кеңесе бермей, осыны қолданар барша белсенді буынмен тең кеңескені құба-құп болар еді".