«Ахмет Байтұрсынов – тағзым етуге татитын тұлға»

/uploads/thumbnail/20180201122659943_small.jpg

Жақында «Ахмет Байтұрсыновтың Орынбордағы жолы» атты деректі кітап жарық көрді. Аталмыш еңбек орынборлық Татьяна Тугайдың көп жылдық зертеуінің нәтижесінде жазылған. Qamshy.kz ақпарат агенттігі автормен қысқа-қайырым сұхбат жүргізген болатын.

– Осы кітапты жазудағы басты мақсатыңыз қандай болды?

–  Ахмет Байтұрсыновтың өмір жолы мен шығармашылығы Орынбор өлкесімен тығыз байланысты. Соның тасада қалып, зерттелмеген тұстарын ашқым келді. Орынбор өлкесі, нақтырақ айтқанда, Торғай облысы – оның  туып-өскен, оқыған жері.

Кітапта ұлтаралық татулық мәселесіне, Байтұрсыновтың орыстармен достық қарым-қатынасына кеңінен тоқталдым. Орыс ағартушыларының Байтұрсыновқа ықпалын, Байтұрсыновтың «Наркомпростағы» орыс әріптестері мен академиялық орталықта жұмыс істеген ғалымдарға қолдау көрсеткенін егжей-тегжейлі жаздым.

– Неге басқа ғалымдарды емес,  дәл осы Ахмет Байтұрсыновты зерттеуге қызықтыңыз?

– Тарихта құрметтеуге, тіпті, тағзым етуге тұрарлық тұлғалар болады. Ол – дәл осындай адамның бірі. Жалпы мені интелегенция өкілдерінің тағдыры мен шығармашылығы қызықтырады. Ахмет Байтұрсыновты үлгі тұтуға лайық деп есептеймін. Ол кез келген жағдайда қарапайымдығын сақтай білген. Менің осы қасиетіне тәнті болдым. Сонымен бірге, әрине, оның талантын да айтпай кетуге болмайды. Сондықтан Ахмет Байтұрсыновты зерттегім келді.

Байтұрсыновпен «кездесуім» аяқ астынан болды. XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы Орынбор интеллегенциясын зерттеген кезімде Ахмет Байтұрсыновтың аты көзіме оттай басылды. Мен совет ағартушылары мен қоғам қайраткерлерін іздеп жүргенде Орынбор оқу архивтік комиссиясының құрамында Байтұрсыновтың да аты жүрді. Осы кезде «Байтұрсынов деген кім екен?» деген сұрақ туынады. Осыдан бастап бұл тұлғаны зерттеумен айналысып, ары қарай осы бағытта жұмыс істедім.

– Қазақстан тарапы сіздің зерттеуіңізге қашаннан бастап қызығушылық танытты?

– «Бәйтерек»  қайырымдылық қоры маған осы кітапты жарыққа шығаруды ұсынды. Бұл қор қазақтардікі болса да, бәріне көметесуге дайын тұрады. Қор өз тарапынан қазақ мәдениетін дамытуға үлес қоспақ болды.  Маған ұсыныс жасағанда Ахмет Байтұрсынов тақырыбы қазақ қоғамы үшін маңызды екенін түсіндім.

– Бұл тақырыпты зерттеуге қанша уақыт кетті?

– Жалпы мен осы бағытта 10 жылдан астам жұмыс істеп келемін. Алайда осы кітапты жазуға бір жылдай уақыт жұмсадым.

– Бұл сіздің Қазақстан туралы, қазақ мәдениеті пен тарихын зерттеуге арналған алғашқы еңбегіңіз бе?

– Менің бұл бағытта жазылған мақалам өте көп, алайда кітапты бірінші рет шығарып жатырмын. Орынбор көпұлтты қала болғандықтан, бізде ұлтаралық мәселемен айналысатын ғалымдар бар. Ал мен негізінен орыс ұлттық интеллигенциясының тарихын зерттеймін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Связанные Статьи