Белгілі қазақстандық әнші Бауыржан Исаев 20-21 ақпан күндері Атыраудағы М. Өтемісұлы атындағы академиялық драма театрда концерт қойды. Әншінің Атырауға келетіні халыққа алдын ала хабарланбағандықтан, бірінші күні залда тек тоғыз ғана көрермен болды, деп жазды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Ақ Жайық газетінің дерегін негізге ала отырып.
Әншінің концертіне билеттер мекемелерге сатылған, сондықан қалада хабарландырулар ілінбепті.
Концерт басталар уақытта залға адам жиналмаған соң, жұрт кейінге қалдырылған шығар деп ойлаған. Алайда залда аз ғана адам отырғанына қарамастан әнші сахнаға шыққан.
«Не деген көпсіздер!» деп сөзін бастаған Бауыржан Исаев 1998 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданындағы концертінде небары үш адам жиналғанына қарамастан концерт өткізгенін есіне алды. «Оның қасында тоғыз адам әжептәуір ғой», — деп әзілдеп те қойды. Бауыржан Исаев концерт барысында әнімен ғана емес, әзілімен де көрермен көңілін көтеріп отырды. Әнші өзі туралы да айтқан. 1979 жылы Шымкент облысында туған әнші кіші жүздің тама руынан екен. Бүгінде ол үш қыздың әкесі.