Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданында зорлыққа ұшырады делінген жеті жастағы оқушы бала жақындарымен бірге Астанаға жеткізілді. Бұл туралы Qamshy.kz ақпарат агенттігі 24.kz-ке сілтеме беріп хабарлайды. Еліміздің бала құқықтары жөніндегі уәкілі Зағипа Бәлиева Шымкентке арнайы барып, келеңсіз оқиғаға душар болған жеткіншекті өзімен бірге елордаға алып келгенін мәлімдеді.
Естеріңізге сала кетейік, Оңтүстік Қазақстандағы жағдайдан кейін өңірдегі жауапты шенеуніктердің біразы қызметінен босатылып, кейбірі қатаң сөгіспен құтылды.
Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев өз орынбасары Ұласбек Сәдібековке қатаң ескерту беріп, аймақтың білім саласына жауапты Исатай Сағындықов пен Сарыағаш ауданының әкімі Қайрат Әбдуәлиевке де сөгіс берді. Ал Сарыағаш аудандық жергілікті полиция қызметінің басшысы Бердалы Оразғалиев пен Абай ауылдық жергілікті полиция бөлімшесінің басшысы Әсет Ибрагимов және Ювеналды полиция бөлімшесінің №73 және 74-мектептерге жауапты полиция инспекторы Қалдыбай Сариев қызметтерінен босатылды.
Қазақстанның Бала құқықтары жөніндегі уәкілі, Парламент Мәжілісінің депутаты Зағипа Бәлиева аталған іске қатысты тілшілерге қысқа ғана жауап беріп, тағдыры тәлкекке ұшыраған баланың елордада тиісті мамандардың назарында екенін айтты. ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Парламент Мәжілісінің депутаты Зағипа Балиева: Біз бұл мәселеге қатысты бірнеше маманды шақырамыз. Білім министрлігі мен ішкі істер министрлігінің де өкілдері келеді. Олар барлық сұрақтарға толық жауап беруі тиіс. Бүгін мен бір сағат ғана ұйықтадым. Сондықтан демалып алып, ертең арнайы баспасөз мәслихатын ұйымдастырамыз,-деді.