Ninety One әншісі «Жас Отан» жастар қанатының IV съезінде сөз сөйледі

/uploads/thumbnail/20180329122007929_small.jpg

Ninety One тобының әншісі «Нұр Отан» партиясына қарасты «Жас Отан» жастар қанатының IV съезінде Q-Pop музыкалық жанрын қолдап пікір білдірді.

«Өз әріптестерімнің атынан жиналған қауымның алдында пікір білдіру мүмкіндігі беріліп тұрғанына қуаныштымын. Бірден сауалға көшейік: музыка деген не? Бұл сұрақтың жауабын тапқан менің өмірім түбегейлі өзгерді. Мен Ninety One тобының әншісі болдым. Алайда топ құрылғалы қиындықтар мен түсініспеушіліктер көбейіп кетті. Еліміздің көп қалалары біздің өнер көрсетуімізге қарсы болды. Біз XXI ғасыр мен қазақ менталитеті сәйкес келмейтін стереотиппен тоғыстық», - деді Дулат Мұхаметқалиев.

Ол батыс мәдениетін мысалға алып, жастардың талабы мен қалауына тоқталып өтті.

«Біз мәдениетіміздің сақталғанын, әрі әлемге ұнамды болғанын қаласақ, жастардың қалауына жүгінгеніміз абзал. Мәдениетімізді заманауи трендке қарай бұруымыз керек. Ninety One бүгінде Q-Pop стиліне бағыт алды, ондағы мақсаты – қазақтың бай тілін әлемге таныту. Біздің әндер латынша шығып, шет елдік тыңдармандарымыз пайда болды. Олар тілімізді үйреніп, қазақ тілінде видео хабарлама жіберетін болды», - деді әнші.

Әншінің айтуынша, Оңтүстік Кореяда K-Pop-қа мемлекеттік дәрежеде қолдау танытады әрі K-Pop арқылы мемлекетке жылына бес миллиард доллар көлемінде табыс түседі. Мұхаметқалиев осы жанр арқылы Қазақстанның да дәл сондай табыс көзіне кенелуі мүмкін екенін жеткізді.

Связанные Статьи