Мұхар Шерім. Күлкі кеші дүркіреп өтті

/uploads/thumbnail/20180404131734784_small.png

Шынында, Ақтөбеге қобалжып барып едім, қоян қуғандай, қуанып қайттым. Қобалжығаным, «Апырмай, кешім қалай өтеді екен? Көрермендер аз жиналып қалса ше?» деген жыбырлауық сұрақтар санамда «сырғанақ теуіп» жүрді. Оны жасырмаймын. 

Хош, сонымен Күлкі күні Ақтөбедегі өнер орталығында алпыс жылдығыма байланысты шығармашылық кешіме жиналғандарда есеп болмады. Қуанғаным соншалық, құлағымды қаси беріппін. Оның үстіне, күлкі кеші жаңа форматта өтті, яғни мен сахна төрінде базбіреулердей танауымды көтеріп отырған жоқпын, көрермендерімнің арасында арқа–жарқа болып отырдым. Ең соңында ғана тілек айтуым үшін сахнаға шақырды. Менің туылған күнімнен бастап, ләңгі теуіп жүрген бала Мұхтардың бір күндік сәттері, студенттік жылдардағы қызықты оқиғалар, тағы сондайлар кеш аяқталғанша қысқа, әрі нұсқа күйінде сахналанып, одан кейін ғана сатираларым орындалып жатты. «Екі езу» театрының әртістері Бекбол, Берік, Гүлзат, Таңшолпандар көрермендерінің екі езулерін жидырмады. Кеш «Күлейікші, Мұхтар–ай!» деп аталды.

Әрине, кешті ұйымдастырушы «Екі Езу» сатира театрының ұжымына алғысым шексіз! Оның жетекшісі, белгілі сатирик, шәкіртім Нұрлыбек Жұбатқан: «Аға, Шымкенттен бұрын біз тойлайықшы?» деген ұсынысы ұйықтатпаған еді, ер жігітке тән уәдесінде тұрды. Алланың нұры жаусын ініме! Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолдауы да төбемді көкке жеткізді. Әлеуметтік желіде «Неге шымкенттіктер шырт ұйқыда жатыр? Әлде, ұмытып кеткен бе?» деп жанашырлықпен жазып жатқан оқырмандарыма айтарым: «Шын сатирик немесе ақын белгілі бір аумақтың ғана басыбайлы жазушысы болмайды. Шынайы жазушы республика жұртшылығына ортақ. Оның үстіне мен 1957 жылы 12 желтоқсанда туылғанмын. Қақаған қыста. Жылдың соңы. Демек, келер жылдан да үлесім бар, жыл бойы тойлауыма сіздерден рұхсат.» Әлеуметтік желідегі «Жер сатылып жатқанда тойлағаны несі?» деген сықпыттағы оқырман жазбаларына да күле қараймын. Жердің сатылуына бір кісідей мен де қарсымын. Бірақ өмір мұнымен тоқтап қалған жоқ қой? Жә, жарайды, сөздің реті келіп жатқан соң айтып жатқаным ғой, мені жан–жақтан құттықтап келушілер көп болды. Қырғызстан Республикасының әртісі Абды Кадырматов (Жонышбай), «Тамаша» ойын- сауық отауының тарланы Бақыт Айтова ханымның арнайы құттықтағандары жүрегімді жылытты...

Связанные Статьи