Сирияның әскери қақтығыс алаңдарында Атырау облысының 67 баласы бар. Бұл туралы Атырау облысы дін істері жөніндегі басқарма басшысы Қайролла Құшқалиев мәлімдеді.
Қайролла Құшқалиевтің айтуынша, 2011 жылдан бері Сирияға атыраулық 54-ке жуық ересек адамдар аттанған. Кейбір отбасылылар балаларымен кетті. Соңғы деректерге сәйкес, қазіргі уақытта Сирияның қақтығыс алаңдарында Атырау облысының 67 баласы бар. Олардың екеуі 18-ге толған, 34-і мектеп жасындағылар болса, қалған 31-і мектеп жасына дейінгі балалар.
Дін істері жөніндегі басқарма басшысы 2017 жылы араб мемлекеттеріне білім алуға аттанған 10 студенттің елге қайтарылғанын хабарлады.
«Былтыр 35 студент болған. Олардың отбасы мүшелерімен сөйлесіп, 10 студентті елге қайтардық», - деді Құшқалиев.
ҚР ҰҚК-ның дерегінше, 2017 жылы соғыс ошақтарынан Қазақстанға 63 бала қайтарылды.
Қазақстан елшілігі Сирияда аккредиттелген консулмен бірлесіп, соғыс аймағындағы қазақстандық балалардың санын анықтау жұмыстарымен айналысуда. «Балалардың нақты саны белгісіз, себебі соғыс аймақтарына аттанған Қазақстан азаматтарын ешкім бақыламайды», - деді ҚР СІМ.