Қазақстандағы Елшілер Нұрсұлтан Назарбаевқа сенім грамоталарын табыстады

/uploads/thumbnail/20180411124934154_small.jpg

Бүгін Ақордада бірқатар шет мемлекеттердің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшілері ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа сенім грамоталарын табыстады, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Елбасы РФ-ның Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкин, Өзбекстан елшісі Саидикрам Ниязходжаев, Түркіменстан елшісі Тойлы Комеков және Италияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Паскуале Д’Авинодан сенім грамоталарын қабылдады.

Шара барысында шет мемлекеттердің елшілері ҚР Президентіне сенім грамоталарын табыстау үлкен құрмет екенін айтып, алғыстарын жеткізді.

Нұрсұлтан Назарбаев, өз сөзінде Қазақстан ширек ғасыр ішінде дипломатиялық жүйесі орныққан, азаматтық қоғамы кемелденген, экономикасы дамыған мемлекетке айналғанын баса айтты.

«Қош келдіңіздер! Баршаңызды Қазақстандаеғы жаңа дипломатиялық миссияларыңыздың ресми басталуымен шын жүректен құттықтаймын. Жауапты әрі мәртебелі міндеттеріңіз елдеріміздің арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға серпін береді деп сенмін. Сіздердің дипломатиялық қызметтеріңіз мазмұнды әрі маңызды оқиғаларға толы кезеңдерде болғалы тұр. Қазақстан ширек ғасыр ішінде демократиялық жүйесі орныққан, азаматтық қоғамы кемелденген, дамыған мемлекетке айналды деп сеніммен айта аламыз. Қазақстан халықаралық байланыстарын дамыту үшін көпжақты сыртқы саяси бағытын жалғастыра беретін болады», - деп атап өтті Елбасы.

Сонымен қатар, Елбасы бейбітшілік пен қауіпсіздікті және халықаралық құқық негіздерін нығайтуды көздейтінін жеткізді. Бұған Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде атқарып келе жатқан жұмыстарының нәтижесі дәлел бола алатынын да айтып өтті.

ҚР Президентінің айтуынша, Қазақстан халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, шиеленістерді шешуге өз үлесін қосып келе жатыр. Олардың бірі – Сириядағы жағдайды бейбіт жолмен шешу мәселесі.

«Сириядағы шиеленісті тарқату ісінде Астана процесі маңызды рөлге ие болып, айтулы шаралардың біріне айналды. Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, ТМД, Ұжымдық және қауіпсіздік туралы шарт ұйымдарының іс-қимылдарына ерекше мән береді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сөзінің соңында Елбасы шет елдердің Қазақстандағы елшілеріне алғыс айтып, жұмыстарына табыс пен сәттілік тіледі.

Связанные Статьи