Бүгін ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев Қазақстан кәсіподақтар Федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайыммен кездесті, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында азаматтық қоғам саласындағы уәкілетті органның және кәсіподақ ұйымдарының әлеуметтік серіктестікті дамыту бойынша өзара іс-қимылды нығайту мәселелері талқыланды.
Дархан Кәлетаев еңбек қатынастарын реттеуде және елдің әлеуметтік-қоғамдық дамуында кәсіподақ ұйымының қоғамдық институт ретінде айрықша рөл атқаратынын атап өтті.
Кездесу барысында ынтымақтастықтың негізгі басымдықтары ретінде әлеуметтік әріптестіктің жүйесін дамыту және үкіметтік емес ұйымдарды тарту, мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіруге белсенді қатысу, еңбек ұжымдарында әлеуметтік және қоғамдық тұрақтылықты сақтау үшін тараптардың күш-жігерін біріктіру жайы айтылды.
Қазақстан кәсіподақтар Федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым өз сөзінде бірлескен әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру жұмыстарына қатысуға дайын екендігін білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара ықпалдастық деңгейін одан әрі арттырудың маңыздылығын атап өтті.