«Зимняя вишня» ойын-сауда орталығындағы өрт барысында немқұрайлылығы үшін өрт сөндірушілер бөлімінің командиріне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Ресей Тергеу комитетінің ресми өкілі Светлана Петренко хабарлаған.
Ведомствода көрсетілгендей, №2 өрт сөндіру бөлімі қарауылының бастығы Сергей Генин тұтанып жатқан ғимаратқа батыс жақтағы кіре беріс арқылы кірген.
Сауда орталығында болғандардың бірі оған төртінші қабаттағы адамы көп №2 кинозалды нұсқап, кинотеатрға қарай өтетін қысқа жолды да көрсетті
«Генин бұл ақпаратқа көңіл аудармады. Басқа жолмен кетті. Сөйтіп уақыт жоғалтып алға.. Оның немқұрайлы әрекетінің кесірінен төртінші қабаттағы кинозалда болған 37 адам мерт болды», - делінген Тергеу комитетінің ақпаратында.
Сергей Генинді іздестіру шаралары жүріп жатыр. Алдағы уақытта ол ұсталып, тергелетін болады.
Еске сала кетейік, 2018 жылдың 25 наурызында ойын-сауда орталығында өрт болып, соның салдарынан 64 адам ажал құшты. Оның 41-і балалар.