Талдықорғанда тағы бір адам менингиттен қайтыс болды. Бұл ақпаратты облыс әкімінің баспасөз хатшысы растады.
— 17 жастағы студент менингиттен қайтыс болды. Ауру жылдам түрде өткен. Ол ауруханаға жеткізілгенде жағдайы нашар болған. Әзірге оның қай оқу орнының студенті екені анықталған жоқ, - деді облыс әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел.
Жүкелдің мәліметінше, науқас 18.30 шамасыныда Талдықорғандағы мультидисциплинарлы ауруханада көз жұмған. Оның айтуынша, науқас ауруды басқалардан жұқтырған. Айта кетерлігі, осымен Талдықорғанда менингиттен екі адам қайтыс болды. Бұған дейін жұқпалы аурулар ауруханасында 2 жастағы қыз қайтыс болған.