БҚО аудандарында «Электронды үкімет бұрышы» іске қосыла бастады

/uploads/thumbnail/20180625130946062_small.jpg

Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті Көрсетілетін мемлекеттік қызметтер басқармасының бас маманы Н. Нұралиева былайша жеткізген еді.

-«Электрондық үкімет» порталы күннен-күнге танымал болып қана қоймай, әрбір азаматқа қолжетімді болуымен ерекшеленуде. БҚО аудандары мен ауылдық округтерінде «Электронды үкімет бұрышы» іске қосыла бастады.  Электронды үкімет бұрышының қызметін пайдалану арқылы тұрғындар бір жағынан уақытын үнемдейді әрі машыққаннан кейін цифрлық технологияны меңгерген тұлғаға айналады. Жуырда электрондық үкімет  порталында «Анықтамасыз қызмет»  «Paper free» сервисі іске қосылды. Жаңа пилоттық жобаға сәйкес SMS-хабарлама арқылы қызмет алушының рұқсаты расталған жағдайда үшінші тұлғаларға анықтамалар алуға мүмкіндік беріледі. Бұл сервисті қолдану үшін мобильді азаматтар базасына тіркелу қажет.

«Анықтамасыз қызмет» механизміне сәйкес мүдделі тұлға электрондық үкімет порталында авторизациядан өтуі тиіс. «Үшінші тұлғалардың анықтама алу сервисі» бөлімін таңдап, жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) жазуына болады. Егер азамат мобильді үкіметтер базасында тіркелген болса, мүдделі тұлға анықтама түрін таңдап, өзінің электрондық-цифрлық қолтаңбасымен қол қояды. Сол сәтте портал автоматты түрде азаматқа SMS-хабарлама жолдап, үшінші тұлғаға мәлімет беру, бермеу жөнінде шешім қабылдауын сұрайды. Азамат екі сағат ішінде жауап беруі тиіс. Оңтайлы жауап алғаннан кейін анықтамасын ала алады. Мобильдік үкіметке тіркелу үшін, пайдаланушы электрондық үкімет порталының «жеке кабинетіндегі», «телефон» сызық жолына телефон нөмірін енгізіп, осылайша өзін Порталдағы mGov мобильдік қорында тіркеу немесе халыққа қызмет көрсету орталығына жүгініп, телефон нөмірін бекіту керек. Аталған сервисті қолдануды кеңінен насихаттау мақсатында өткен аптада ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаментінің ұйымдастыруымен пәтер иелерінің кооперативтері басшылары мен коммуналдық қызметтер өкілдерінің қатысуымен семинар-кеңес өтті. Онда Халыққа қызмет ету орталығының қызметкерлері қатысушыларға сервисті қолдану бойынша толық түсінік берді. Алдағы уақытта біздің департамент мұндай шараларды жалғастыра түседі.

Связанные Статьи