Жапонияда су тасқыны салдарынан 100 адам көз жұмды, 50 адам із-түссіз жоғалып кетті, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Су деңгейі жылдам көтерілгені соншалық кейбір адамдар үйінен шығып үлгермеген. Кейбірі үйіндінің астында қалған.
Жүздеген үй судың астында қалды. Бір жарым миллион тұрғынға үйлерінен жырақ жаққа кетуге бұйрық берілді. Үш миллион адам эвакуацияланды.
«Біз бұрын-соңды мұндай жаңбырды көрген емеспіз» дейді Жапонияның метеорологиялық агенттік өкілі.
Жапония үкіметі төтенше жағдай бойынша төтенше штаб құрды. 54 мың құтқарушы, өрт сөндіруші, әскерилер мен полицей су тасқынынан ең көп зардап шеккен елдің оңтүстік-шығыс бөлігіне жіберілді.
Айта кетейік, жаңбыр өткен аптаның соңында басталған. Қазір көптеген аудандарда жаңбыр тоқтады. Су тартылып жатыр. Жұма күні пойыздардың жұмысы жартылай қалпына келтірілді, алайда Жапонияның көп жерінде су тасқыны жүруі мүмкін деген қауіп бар.
Сикоку аралында жаңбырдың деңгейі 300 мм жетеді деп күтілуде. Ал Токиодан 600 шықырым жерде орналасқан Мотояма қаласында жұмадан сенбіге қараған түні 583 мм су жиналған.
Жапония билігі ауа райын жіті бақылап, тұрғындарға алдын ала ескертіп отырса да елде биік ғимарат пен таулы аймақтарда тұрғын үй көп болғандықтан кез келген төтенше жағдайдың арты үлкен трагедияға айналуы мүмкін.
Сарапшылар мұндай жағдайдың орнауына соғыстан кейін жүргізілген саясат кінәлі екенін айтады. Себебі ормандарды жоюға рұқсат берілген. Жаңа ағаштар отырғызылғанымен олардың тамыры су тасқыны кезінде жер қыртысын ұстап қалуға қауқарсыз.