Еліміздегі компаниялар өз істерін жеңілдетіп, қолжетімді ету мақсатында көптеген жобаларды жүзеге асыруда. Солардың бірі – «Керемет» компаниясымен жасалған жоба. Олар мемлекеттiк сатып алу процесіндегі тәуекелдерді басқару жүйесiн жасады.
«Қазіргі таңда еліміздегі 50 кәсіпорын жаңашылдықтармен жұмыс істейді. Оған мысал ретінде «Керемет» компаниясын айтуға болады. Олар ұсынған қызмет әлдеқайда жақсы. Аталған компания мемлекеттiк сатып алу қызметіндегі тәуекелдерді басқару жүйесiн жасаған болатын. Бұған қоса, 40 бағдар әзірленіп, бүгінде бұл бағдарларды құқық қорғау органдары пайдаланады», – деді ҚР Қаржы вице-министрі Руслан Еңсебаев Astana hub технопаркінде болған кездесуде.
Сондай-ақ, ол Ұлыбританиядағы цифрландыру процесіне тоқталып, ондағы ерекшеліктерді атап өтті.
«Мен Ұлыбританиядағы жағдайды айтқым келеді. Біз бұл мемлекетпен келісім жасасқанбыз. Ондағы мемлекеттік ақпараттық жүйе дамыған. Бұл ел мемлекеттік органды дамыту үшін алдымен трансформациялық стратегия жасайды. Артынша жобаларды қолға алады. Олардағы цифрлық бастамалар ағымдағы тапсырмалардың төңірегінде қаржыландырылады», – деді Р. Еңсебаев.
Сондай-ақ, ол мемлекеттік қызметтердің жұмысын жеңілдету үшін бірқатар шаралардың жасалып жатқанын баса айтты.
«Біз қазіргі таңда «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және мемлекеттік органдармен мәліметтерді жеңілдету ісі бойынша жұмыстар атқарудамыз. Стратегия жасауда мемлекеттік органдар өздерінің жобалары мен жүйелерін ең бірінші кезекке қояды», – деді вице-министр.
Оның айтуынша, Қазақстанда электрондық жүйелер белсенді жүзеге асып жатыр. Осы ретте Қаржы министрлігі іс жүзінде жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Атап айтқанда, электронды мемлекеттік сатып алуды айтсақ болады.
«Қаржы министрлігімен 25 ақпараттық жүйе жасалды. Цифрландыру бойынша біздің министрлік көшбасшылардың бірі. Бүгінде көптеген жобалар жасалуда. 2020 жылы тұрғындарды жаппай декларациялау процесі өтеді», – деді ол.
Вице-министрдің сөзінше, еліміздегі өзекті мәселелердің бірі – жерді тіркеу. Осы ретте, Жол картасы жасалған. Айта кету керек, бұл процестер кейін мобильді қосымшалар арқылы жүзеге асатын болады.