Біздің елдің бюджетінен халықты әлеуметтік қорғау, соның ішінде жұмыспен қамтуды қолдауға бөлініп жатқан қаражаттар орнымен жұмсалатын болса, ендігі жұмыссыздық деген мүлде болмас еді. Алайда бөлініп жатқан орасан қаржыға қарамай оның үлесі азаяр емес. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыс істеп жатырмыз, жұмыссыздықты азайтып жатырмыз дегенімен жұмыссыздықтың үлесі бір орыннан жылжымай тұр екен.
Бұл туралы Мәжілістің соңғы пленарлық отырысында депутат Айқын Қоңыров жария етті. Алдымен депутат Жұмыспен қамтудың 2019-2021 жылдарға арналған бағдарламасына үкіметтің өзгеріс енгізгенін сынады. Өзгеріс енгізбес бұрын бұрынғы бағдарламаның қалай орындалғанын және ұсынылған өзгерістердің қаншалықты қажеттілігі барына сарап жасалуы керек еді дейді депутат. Мұның орнына шындығы күмәнді сандық көрсеткіштерге сеніп, өзгерістер енгізілген. Мәселен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі үстіміздегі жылдың тоғыз айында бөлінген 82 млрд. теңгеге 327 мың адам жұмысқа орналасқан дейді. Демек, жұмыссыздық азаюы керек еді ғой. Бірақ статистика органдары оның 2017 жылдың басынан бері өзгермей, 4,9 пайыз деңгейінде тұрғанын айтқан. Демек, екі қызметтің бірі жалған сөйлеп тұр. Нақтырақ айтсақ, статистика органдарының мәліметіне қарағанда үстіміздегі жылдың І тоқсанында жұмыссыздар саны 439 мың адам болған, ал ІІ тоқсанда ол сәл артып, 441 мың адамға жеткен. Ендеше Еңбек министрлігінің 327 мың адамы кімді немесе нені азайтқан?
Сонымен қатар депутат А.Қоңыров жаңа жұмыс орындарын ашуды ынталандыру да төмен екенін сынады. Мәселен, биыл тек 1042 жоба ғана қолдау тауып, микрокредиттік әдіспен қаржыландырылған. Бұл сан жалпы республикаға шаққанда түк емес дейді депутат. Егер көрсеткіштер жақсармаса орасан қаражат қайда құйылып жатыр? Еңбек министрлігінің ақпараттары шындыққа қаншалықты жанасады? Осы және басқа мәселелерді тексеріп, сарап жасауды сұрап, депутат үкімет басшысы Б.Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдады.
С.Елеу, сарапшы