Мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына қатысты өз ойын білдірді.
«Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын Алаштың алтын бесігі саналатын Алматының зиялы қауымы ең алғаш болып талқылады. Бұл – түбегейлі өзінің Ата заңы бар елдің ішкі және сыртқы жағдайын, жалпы мемлекетті сақтап қалуға үлкен әсер беріп, бағыт болатын еңбек деп есептеймін. Негізі ҚР Президентінің Жарлығымен 1998 жыл «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы» деп жарияланған болатын. Сол жылдардан бастап еліміздің тарихқа ден қойғанын байқау қиын емес. Араға он жыл салып ішкі тұтастығымызды, сыртқы абырой-беделімізді сақтап қалу жөніндегі мәселелер Елбасының кезекті келелі мақаласында кеңінен қамтылып отыр.
Біз – тәуелсіз елміз. Қазақстанды бүкіл әлем таниды. Ендігі жерде тағылымды тарихымызды зерделеп, тарихи құндылықтарымызды паш етуіміз керек. Жаңағы жұқа тарихты қалыңдатуымыз тиіс. Тарихты насихаттау мәселенің бір қыры ғана. Зерттеу мен оқытудың да арқалап тұрған жүгі өте ауыр. Түптеп келгенде, тарихты салиқалы зерттеу мен білікті оқыту оны насихаттаудың мазмұны мен өрісін анықтайды», - деп тарқатты қайраткер.