Ермұрат Зейіпхан. Біз екеуміз бір үйде кездесіп қалдық. Кісі қалың, кеш уақыт, қызық-думан қызған сәт. "Сізге арнап “Қаракесекті” шырқап беремін" деді. Кірген бетім осы, ризашылық танытып, бас шұлғып үлгерген жоқпын, қазақтың қабырғалы әнін әуелете жөнелді.
Төрге оздық. Бабымызды тапқан жерден тізе бүктік. Ән бізді жайратып салды. Қайран Мәди дедік, қабырғамыз қайысты, жанарымыздан жас ыршыды. Оңбаған, әділетсіз заман, біртуар дегдар ағатайымызды қор қылды. Қасіреті, ат басындай қайғысы, асыл сөз, бояуы көп әнмен тоғышар кеңес дәуірінен көктей өтіп, біздің уақытымызға жетті, қысы-жазы көркі, ажары таймаған қалада, кең даңғылдың ұзына бойында, жайлы қоныс, жаймашуақ кеште арқа-жарқа ер көңілді бір топты қонақта боздатып отыр.
Қазақтың өзі де, өнері де құдіретті. Көргенге ықпалды, тыңдағанға әсерлі. Бойды алған жыр ойына қол созады, ойдан рухына қанат бітеді, рухы жүрегінде от тұтатады. Өртенген жүрек, жалындаған жігер, жарқылдаған көз, от ұшқындаған жанар ер-азаматты алғадай қаһарманға айналдырады.
Толғаудың күші жүз қаралы шерікті атқа қондырады, сан мың қолды жорыққа аттандырады. Батыр Мәди “Қаракесек” деп бар қазақты айтып тұр. Біріге алмаған алаш жұртын Абылай бір тудың астына жинады. Торғауыттардың тоз-тозы шықты, қошауыттар қоштасып үлгерді, қалмақтар қынадай қырылды, дүрбіттердің дүбірі басылды.
Досымнан – дұшпаным көп... Жетті. Қашанғы қаспыз, қазақтың достығына, жолдастығына, туыстығына жағдай жасайтын, ыңғайын келтіретін кез, мезгіл жетті.
Алаш, әлімсақтан, бір-біріне пана.
Қазақтың қалың досы – қазақ, жауы – бір ағайынды жұрт араздығы. Араздық – күншілдіктен, біреудің қамын жемеген, шерін көрмеген, қасіретін көтермеген, уайым-қайғысына немқұрайлы қараған іні-бауыр, ағайын-туыстан не қайыр, не пайда.
Жаны ашитын туысқаны жоқ қазақ – қазақ емес. Қазақ ондаған, жүздеген туысымен қазақ, мыңдаған құда-жекжатымен ұлт.
Ермұрат әнді бабына келтіріп салды. Мәди бабамыз тіріліп келгендей болды. Өзі де зор, еңселі, ірі мінезді жігіт екен. Достасып кеттік. Бірге оқуға түстік, қатар қыздарға бардық, бір тойда қыдырдық. Жастық шақтың жалындаған албырт кезі. Бір теңге жоқ қалтамызда ат басындай алтын жүргендей көрінетін. Үніміз өктем, жүріс-тұрысымыз шалт, мінез-құлқымыз тентек, кім көрінгенмен ілінісе кететінбіз.
Ол мәдениетті жігіт еді. Сыпайы, сұңғыла, сұлу жүзді. Ән шығаратын композиторлығы, жыр жазатын ақындығынан еш кем емес еді. Бір топ өлеңін кейінгі жылдары газет басқарып тұрғанда бастырып бердім. Сонда жымиып, адал қуанғанын көрсеңіз. Оңай нәрсені қиындатпайтын әдетім болды. Ол әкелді, мен жарияладым.
Маған деген құрметі айрықша еді.
Әлі есімде, буымыз бұрқырап Алматы көшелерінде су қарды жалдап, кең басып, омырауымыз ашық, өңіріміз алқам-салқам, ән шырқап келе жататынбыз. Қарағандыда жүргендей... омбы қарда құлап, боранға қарсы адымдап көтерілгендей.
Менің әңгімелеріме деген ықыласы ерекше-тұғын. Болашақты көріп тұрғандай сенетін едік. Қайдан білейік, ажал деген адамды айналсоқтап, көлеңкесіндей бір сәт ажырамай, қайда барса да, қоса еріп жүреді екен.
Қашанда ту сыртында дайын тұрады.
Жүрегі нәзік адам болатын. Жан қалқа, жаны ғашық бойжеткен қызды әнмен аптап, жырмен күптеп тастайтын.
Қолы жомарт, көңілі – адал.
Соңғы рет бір тойда кездестік. Қар еріген, аласапыран жазғытұрым уақыт. Тілеубек екеуі ортаға шығып, “Қаракесекті” айтайық" деп қоймады. Қолқалап болмаған соң, үшеуіміз қосылып Мәдидің әнін шырқадық.
Ән жақсы орындалды. Үзілісте, қайғы-мұң жоқ, жаймашуақ әңгімелесіп тұрдық. Сөз арасында Қытайға барып, пышаққа жататынын айтып қалды. Сөзіне мән бермедік. Сөйтсек, өзі де толқып жүр екен...
Кейін, пышақтан соң, оянбай қалғанын естідік.
Өзі қазақты оятқанымен, өзі ояна алмай кеткені жанымызға
батты. Ол мен үшін – әуелеген ән, қалықтап шырқалып тұрғандай.
Ермұрат досым, саған көк тудың желбірегені қажет еді, саған "керегі жан емес" болатын.
Елің мәңгіде – сен де мәңгісің! Көк ту, Құдайға шүкір, желбіреп тұр. Қазақ елі, Ұлы Дала – қос қанат қыран келешекке қапысыз ұшып бара жатыр. Сен бағың жанып, елге оралдың. Сен елге қызмет етіп бақыт кештің.
“Қаракесекті” айтып келдің, “Қаракесекті” айтып кеттің.
Қазақ үшін.
Бәрі де қазақ үшін!
Дидар Амантай
Facebook парақшасынан