Қазақ халқы дауды да сөзбен шешкен дана халық болғандықтан, халқымыздың ауыз әдебиетінде әр тақырыпқа сай мақал-мәтелдер өте көп!
Qamshy.kz ақпарат агенттігі ер жігіттерге қатысты мақал-мәтелдердің біршамасын оқырмандар назарына ұсынады.
Адам болар жігіттің жары өзіне лайық.
Керуен бастар жігіттің нары өзіне лайық.
***
Жас жігіттің жарасы жол – жөнекей жазылар.
***
Жарлы болатын жігітке қазалы мал тап болар.
Жалғыз болатын жігітке бедеу қатын тап болар.
***
Жігітті тоқтық қосады,
Тоқтық қоспаса, жоқтық қосады.
***
Жігіт жиғанын жемейді, бұйырғанын жейді.
***
Жігіттер, есеппен байимын деме,
Есебіңді есеп бұзса, қиын – ды.
***
Ер жігіттің өлгені – ессіз болса алғаны.
Әділ бидің өлгені – сөзінің болса жалғаны.
***
Кемел жігіт кешірімді.
***
Аттың азбасы – бестісі,
Жігіттің азбасы – естісі.
***
Керенеу жігітке кесапат жолдас кез болар.
***
Тобылғыны қатты деп,
Қамшыға сап қылады.
Көреген жігітті әккі деп,
Қосынға бас қылады.
***
Ақылды жігіт атқа да мінер, таққа да мінер.
***
Алғаны жақсы жігіт әрқашан ісін оңдайды.
Алғаны жаман жігіт әрқашан тісін қайрады.
***
Жақсы әйел – жігітке біткен бақ,
Жақсы жер, жайлы қоныс – алтын тақ.
***
Жақсы жігіт аяғынның басын қосады,
Жаман жігіт жақсы ағаның жолын тосады.
***
Тыртақай жігітке жыртақай әйел кез болар.
***
Жарлы болатын жігіт байталын атқа сатады,
Жалғыз болатын жігіт ағайынын жатқа салады.
***
Бай болайын деген жігіт айырбасшыл келеді.
Адам болайын деген жігіт қарындасшыл келеді.
***
Жалғыз жігіттің шығар-шықпас жаны бар.
Екі ағайындының мойнына ілген талы бар.
Үш ағайындының отарда баққан малы бар.
Төрт ағайындының аспанға салған жолы бар.
***
Жаман қатын, шабан ат, өтпес пышақ -
Ер жігітті береді ажалға ұстап.
***
Мыржық жігітке ыржық қыз өз Ләйлісі болады.
***
Қырсыққан қыз бай таппас,
Қырсыз жігіт мал таппас.
***
Байы өлген қатын келіншек болады,
Кедей болатын жігіт еріншек болады.
Жинақтап, ұсынған: Мақпал Сембай