Филология ғылымдарының докторы, профессор Н.Келімбетов көптеген жылдар бойы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық университетінің қазақ тілі кафедрасында ұстаздық етті. Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі жайында жазылған бірқатар оқулықтар мен оқу құралдарының авторы.
Орда бұзар отызында омыртқадан ауыр дертке ұшырап, ұзақ жылдар бойы төсекке таңылған Немат Келімбетовтің өмірге құштарлықтың өнегесіндей, тағдырмен тартыстың тағылымындай «Үміт үзгім келмейді» атты монолог-хикаяты оның қаламгерлік қуатын да, күрескерлік күшін де келісті көрсетті. Кітапты арқау етіп жазылған пьеса бойынша қойылған спектакль М.Әуезов атындағы академиялық театрында табысты жүрді.
«Ұлыма хат», «Қариялар», «Күншілдік» сияқты эсселері Немат Келімбетовті ойшыл суреткер ретінде де танытты. «Үміт үзгім келмейді» кітабы қазақ әдебиетінің абыройын асырып, ЮНЕСКО аясындағы ең мерейлі марапаттардың бірі – Еуропаның Франц Кафка қоғамының марапатын алып берді.
«Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі» (1986), «Ежелгі дәуір әдебиеті» (1991), «Ежелгі түркі поэзиясы және қазақ әдебиетіндегі дәстүр жалғастығы» (1998), «Қазақ әдебиеті бастаулары» (1998), «Ежелгі әдеби жәдігерліктер» (2005) сияқты көптеген кітаптары ұлттық сөз өнерінің түп-тамыры тереңде жатқандығын даусыз дәлелдеді. Ғалым бұл бағыттағы ізденістері үшін Күлтегін атындағы сыйлықтың лауреаты атанды.
Qamshy.kz ақпарат агенттігі оқырмандар назарына Немат атаның шығармаларынан үзінді ұсынады.
«Өзінің әлдеқашан қартайып қалғанын Алланың алдында да, адамның да алдында мойындағысы келмей, шал атанған бүгінгі бозбалаша әлем-жәлем киініп, «ел кезген есер кездегідей» жеңіл мінез көрсетіп жүрген қарттарды кім деп білеміз?
Тән мен жанның жасанды жастық көріністерін жасап, сахнада емес, өмірде әртіс боп жүру – ерлік пе әлде есерлік де дегім келеді.
Біздің жас шағымызда егде тарта бастаған адамдар өздерінің кәрілігіне намыстанбайтын. Қартайып қалғанын жасыруға әрекет жасамайтын. Қайта қариялығын мақтаныш етіп, жұртқа байсалды жан болып көрінуге құштар еді.
Бізге олар ғасырға жуық өмір жолында ұзақ сапар шегіп, қияметтен қиын бел-белестерден сүрінбей, мәреге абыроймен жеткен сиқырлы жандар тәрізді көрінетін.
Әйтеуір біз білетін қариялар «қартайып қалдым» деп өкінбейтін. Қайта «Құдайға шүкір, қариялыққа да аман-есен жеттік-ау, бұған да тәуба» деп отыратын. Мұндай қарттар құманмен қолына су құйған балаларға: «ғұмырың ұзақ болсын, мен сияқты ақ сақалды, сары тісті шал бол» деп бата беретін».
(«Қариялар» эссесінен үзінді)
***
“Азап шеккің келмесе, күншіл болма”
– Көне заман данышпаны Унсури осылай депті ғой.
– Десе деген шығар. Бірақ осы ғибрат сөз айтылғалы бері арада жүздеген жылдар өтсе де, кейбір адамдар бойындағы күншілдік, бірін-бірі көрер көзге күндеу бір мысқалға да азайған жоқ, – деді қасымда отырған досым. Дастарқан басында күншілдік жайындағы сұхбат қыза түсті.
– Дұрыс айтасың. Күншілдік деген “қызыл-көз” бәле көбеймесе, азаятын түрі жоқ. Қайта желді күнгі өрттей өзінен-өзі лапылдап, өршіп барады емес пе? Заман жақсарып, елдің дәулеті артқан сайын кейбіреулердің пейілі тарылып, бірін-бірі күндеуі арта бере ме деп қалдым. Сен қалай ойлайсың? – дедім досыма қарап.
– Күншілдер құдды күндес қатындар сияқты ғой. Күндес әйелдердің іштарлығын түсінуге болады. Жалғыз еркек жамыраған көп әйелге жетпей жатыр дейік. Ал күншіл пенделерге не жетпейді десеңші?
– Иә, күншіл жандарға бәрі жетпейді. Олардың күндемейтін адамы жоқ.
– Сонда күншіл адамды іші тар, қызғаншақ деуге бола ма?
– Жоқ. Күншіл адам мен қызғаншақ кісінің арасында жер мен көктей айырмашылық бар.
– Қандай айырмашылық?
– Қызғаншақ адам өзінің қолында бар нәрсені басқалардан қызғанады. Бар болғаны сол ғана. Бәріміз де мына қара жерді басып жүрген пендеміз ғой. Қызғаншақ адамның мұндай пенделігін түсіну қиын емес.
– Ал күншіл адам ше?
– Күншілдің мүлдем жөні бөлек. Күншіл адам өз қолындағы бар бұйымды емес, өз қолында жоқ, бірақ басқа біреудің қолында бар нәрсені қызғанады.
– Сонда қалай? Ол басқа біреудің меншігіндегі затты сол адамның өзінен қызғана ма? Бұған мен түсінбей қалдым. Миым жетпейтін шығар.
– Түсінбейтін несі бар. Мәселен, сен судай жаңа “Мерседес” мәшинесін сатып алдың дейік. Ал сенің күншіл көршіңде ондай мәшине жоқ деп шартты түрде келісейік. Міне, сен сол мәшинені сатып алған күннен бастап, күншіл көршіңнен күндіз күлкі, түнде ұйқы қашады.
– Неге? Жағдайы келгенде көршім де сондай көлікті сатып алуы мүмкін ғой.
– Сен мені тағы да түсінбей қалдың. Сенің күншіл көршіңе ондай мәшиненің керегі жоқ. “Мерседес” мәшинесін сатып алуды ол армандаған да емес, жоспарлаған да жоқ.
– Онда неге мені күндейді?
– Міне, күншілдің бар “құпиясы” осы бір ғана сауалда жатыр.
– Ол қандай құпия?
– Мен жаңа ғана саған: “күншіл” кісі өзінде жоқ, бірақ басқаларда бар нәрсені, айталық, мәшинені, мал-мүлікті, үй-жайды, т.б. күндейді дедім ғой.
– Иә, солай дедің.
– Міне, “тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне” енді келдік. Сенің әлгі күншіл көршің өзінде жоқ “Мерседестің” өзгелерде де, яғни сенде де болмауын қалайды. “Болмасын!” деп құдайға күні-түні жалбарынады. Сол үшін, яғни сенде жақсы мәшиненің болмауы үшін қолынан келген кесапаттың бәрін жасайды. Бұл жолда ол ешнәрседен тайынбайды. Керек болса өзін құрбандыққа шалып жіберуге де әзір тұрады. Енді ұқтың ба? Күншілдік дегеніміз, міне, осындай болады.
(«Күншілдік» сұхбат-диалогынан үзінді)
Ұсынған: Мақпал Сембай