Қазақстанда кезектен тыс президенттік сайлау 2019 жылдың 9 маусымында өтетін болады. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа үндеуі барысында айтты деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Мұндай шешімге президент Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен, парламент спикерлерімен әрі Үкімет басшысымен ақылдаса отырып келген.
"Президентті халық таңдайтын болады. Мен басшы ретінде сайлаудың әділ әрі таза өтуіне кепілдік беремін", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев президент ретіндегі алғашқы үндеуінде.
Айта кетейік, Қазақстанда 30 жылға жуық билік құрған Назарбаев 19 наурызда кенеттен президент қызметінен кететінін мәлімдеді. Ол мәлімдемесінде сайлау өткенше Қасым-Жомарт Тоқаев президент болатынын айтқан.
Тоқаев 20 наурызда ант беріп, қызметіне кірісті. Ал Тоқаевтың орнына Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева сенат спикері болып тағайындалған.
Ұсынған: Гүлім Жақан