Бір елде екі басшы болмайды...

/uploads/thumbnail/20190409153953189_small.jpg

Жат ел, тыс топыраққа тұңғыш тұсаукесер – тығырыққа тірелді...

Тоқаевтың тұңғыш сырт сапарының әділ бағасы да, темір тағасы да осы. Басқасының бәрі – саясаттың сиқыр-сайтаны, мәнсіз мәймөңке, сұрықсық сылтау-салдар.

Әу баста, «Тоқаев Мәскеуге барады» дегенде, ішімнің мұздап сала бергені тегін болмады, қанына қатып-семген қардүрсін-қарабайырлығын қайталаған орыс билігі халықаралық сапармен Мәскеуге келген қазақ мемлекетінің жаңа басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВты әуежайдан қарсылап-күтіп алуға ең төмен табан-деңгейлі, қара қатардағы шабарман-шенеунігін жұмсады...

Көзін ашқалы келісім (дипломатия) өнерінің майын қалқып, сүйегін мүжіген наркесті қаранары; сырты бүтін, іші түтін құдайдың қосаяқ жаратылысының найза бойламайтын қырық қабат, бес батпан қасиетсіздігі мен қысастығын көріп-кешіп жүрген марқасқа мәмілегер Кемел көкемнің кеңпейіл баласы Путиннің бұл парықсыз-парасатсыз қулық-сұмдығын түсінбеген сыңай танытып, «ішің білсін, әлу-ай»-мен жылы-жұмсақ «жұта салды»...

Озбыр осымен тоқтаған жоқ.

Орыс орманында 1 миллионға жуық қазақтардың байырғы атамекендерінде тұратындығын қаперіне алмай, осыдан бір жарым ай бұрын Ресейдегі ең соңғы жалғыз қазақ мектебін жауып тастаған (қазақ балабақшасы атымен жоқ) Кремльдің қарабет билігінің тізгіншісі В.Путин: «Қазақ елінде атом бекетін, орыс мектебі мен университетін, Алматыда Ресейдің Ғылым мен мәдениет орталығын ашамыз» деп, ашкөздік дәме соқты.

Топырағында тұратын 190 ұлттың мүддесін аяғына шылғау қылған «шпион» (чикист) басқарған елден 400 қазақ мектебін ашуды талап етіп, ауызына құм құя аламыз. Басын бұлғап, кеңсірігін көтерсе, қазақ жеріндегі 1500 орыс-мектептерін үдемелеп жабуға тиіспіз. Озбыр орыстың жат тілі тұншыққанда ғана қазақтың Ұлы Даласын ана тілі тербейтін болады...

Тұранның табанына атом-ажал бекетінің іргетасын қалауға құмарлық – бүгінгі орыс билігінің империялық сасық қиялы мен кәсіби сырқатының шарықтау шегі һәм Путин дәуірі жаназасының жаңғырығы.

Күллі әлем, мұқым адамзат атомнан ат тонын ала қашуда. Чернобыль мен Фукусима апаты – атомның аса алапат қауіптілігін дәлелдеді. Бүгінде бірде-бір атом бекеті жоқ Қазақ елінде сәулелену (радиация) деңгейі 17 бэр (сәулелену деңгейінің бірлігі). Ал, 98 атом бекетін салған алып Америкада сәулелену деңгейінің бірлігі бізден анағұрлым төмен болса, 25 атом бекетінің иесі Францияда небәрі 5 бэр.

Қазір көмірге көшкен Германия 25 атом бекетінің 8-ін жауып, қалдығына құлып салды. Бельгия, Испания, Швейцария атомнан толық бас тартуға бет бұрды. Австрия, Куба, Ливия, Польша жоспардағы атом зауыттарының құрылысын дереу тоқтатты. Италия атомның түп-тұқиянын түгел тұншықтырып тастады. Бір ғана атом бекетін сунами дауылы дараққа ұшыратып, елі есеңгіреген Жапонияның қалған 40 ажал ошағынан құтылудың жолын жанталаса іздеп жатыр.

«Өлетін бала – молаға жүгіреді», қазақ ажал қамытына ғазиз басын өзі тықпауы керек. Атом бекеті – озбыр орыстың құрған қақпаны: қазаққа қайта құрық салып, қорқыныш-қауіппен қылқындырудан басқа ештеңе емес. Күн энергиясынан һәм биоотыннан энергетикалық қуат өндіруге басы мен қауқары жетпеген, есесіне, атом энергетикасымен әл-дүрмәні әлсіздеу елдерді тәуелді етуге мысық дәмелі орыс билігі «Орыс әлемін» құру шырғалаңының шырмауығын торлауды аңсаудан арылар емес.

Әттең, бір парасы кем дүние, тәуелсіздіктің отыз орамында атадұшпаннан іргемізді аулақтатып, бойымызды тасалап, ойымызды тазартпадық. Жарты ғасырға жетпей, «совет биілігі» атау-сылтауымен қазақтың 70-80 пайызын қынадай қырған қандықол озбыр орысқа қайта арқа сүйеп, «аға» тұтудан айырыла алмадық. Ең қабырғалы қате, сүйекке түскен сүрең осы болды. «Орыс патшалығы қазақтардың орыс қатарлы жөні түзу үй салып кіруіне рұқсат етпеген. Жәңгір ханның өзі Оралдан үй салуға үш рет сұраса да, рұқсат ала алмаған» көзі көк, сөзі көптен қайыр жоқ. Бабам қазақ «Қара орысты көргенде, сары орыспен жылап көрісерсің» деген ділсіз далбасадан гөрі, «Орыстан досың болса, жаныңда айбалтаң болсын» деген терең тәмсілді дәргей көріп, артық санаған. «Айтпаса – сөздің атасы өледі», атажау алыс емес.

Қазіргі қазақтың көзі ашық, көкірегі ояу: елді құрметтеу, ұлтты ұлықтау, отанды таныту, мемлекеттің мерейін көтеру – майда-шүйде шырмауықтардан құралатындығын терең түйсінетін жалпақ жұрт мәселенің мәнісін түгел түсінді. Құжаттамалық құрғақ сөз, құр уәдеден – шынайы пейіл, құсни құрметті ажырата алады. Шынтуайтында, қоңсы қылығы – қазіргі қазақ елінің тізгінін ұстаған Қасым-Жомарт ТОҚАЕВқа шекеден қарау ғана емес, ұлттың Тұңғыш Президенті-Елбасының үміт пен күдікке толы үш онжылдықта қазақ пен орыс арасын жылытуға сіңірген ерен еңбек, батпан бейнетін бағаламау!

«Орыс билігі қазақ басшысын «Хаттамаға сәйкес» қарсы алды» деп, жауырды жаба тоқымай, солтүстіктің суықтығы мен сұрқиялығынан сабақ алуға тиіспіз. Қазақтың ақпарат саласының уәзірі ел басшысының «Баспасөз хатшысының» құзыреті деңгейіне құлдырамауы керек.

Ұзынқұлақ ақбарынша, қазақ басшысын қарсы алған әуежайда ашу-ызадан қаны қызып, намысы атойлаған орыстағы қазақ елшісінің «мекенім Қосаба» кейпі көптің көзіне тарғыл-таңбаланып қалған сыңайлы. Біздің елшіміз ұтымды ұйымдастырған кілең сүліктей қара мерседестерден сап түзеген «Қазақ Президенті» кортежіне «Мұндай ғажайып-кереметті бұрын көрген емеспіз» деген қарапайым мәскеуліктердің таң қалып, таңдай қағуы ғана – көңіл ауанының кірқожалақ кірін жуып-шайды...

 

Бағзыдағы бір әке екі қызының екітүрлі мінез-құлқын құда түсіп келген жұрттан жасырмай, біреуінің жібектей жұмсақтығы мен екіншісінің дойырдай дөрекілігін ашық мәлім қылыпты. Көркем қылықты қызының қалыңмалына үш сиыр, шайпау мінезді перзентінің ана сүтіне бір сиыр белгілепті. Қыз айттырушы қалыңмалына бір сиыр емес, жеті сиыр беріп, шатақтау қалыңдықты таңдапты. Арада жылдар өтіп, ата-анасымен сағынып табысқанда, айрандай ұйыған ошақтың ақылман отанасы: «Жеті сиырдың құнынан төмен болғым келмеді» деген екен...

Басының қадірін қорғап, барының бағасын білу – ғажайып қасиет! Орыс ақыны Сергей Есенинннің отты жырларын есіп оқығанын көрген біреу: «Мынау тек мықты өлең ғана жазып қоймайды, қажет болса, адамды да өлтіре алады» депті. Қажырлы қайрат, жасын жігер, қылыш-қайсарлық – ел тізгіндеген ердің екінші есімі болуға тиіс.

Сірә, бір адамда – екі бас, бір баста – екі тіл, бір елде – екі басшы болмайды. Бүгінгі қазақ елінің басшысы – Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ. Әділдік аңсап, ақиқатқа аңқасы кепкен қалың қазақтың та, қаламгер қауымның да бұл бұлтартпас шындықты мойындауы ләзім.

Мыңжан Байжанин

Связанные Статьи