Қазақстан ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев 16 мамыр күнгі аналардың наразылығы туралы пікір білдірді деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі Азаттық Радиосына сілтеме жасап.
Азаттық тілшісіне берген сұхбатында Абаев анау айтқандай ашылып дәнеңе демеген. Бар болғаны сұраққа сұрақпен жауап қатқан министр наразы аналарға баспана бергенмен олардың бақытты болып кетпейтінін меңзеп отыр.
"Мәселен, кеше Астана экономикалық форумы өтіп жатқанда бір топ көп балалы ана шығып, баспана беруді талап етті. Олар көп балалы аналарды мемлекет баспанамен қамтамасыз етуі керек деп санайды. Біріншіден, біз оларға баспана берсек, олар бақытты болып кете ме? Екіншіден, бұл мәселені шеше ме? Мемлекет баспанамен қамтамасыз ету үшін қыруар қаржы бөлуге дайын ба? Бәлкім біз жағдай жасап, соған басымдық беруіміз керек", - деді Абаев.
Естеріңізге сала кетейік, 16 мамырда бір топ көп балалы және жалғызбасты аналар биліктен баспана мәселесін шешуді сұрап, Нұр-Сұлтанда наразылыққа шыққан.
♦Оқи отырыңыз: Елордадағы митинг: Сұлтанов сұраққа жауап беруді ғана біле ме? (видео)