Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев шаһардағы жаңа жолдың құрылысы жөнінде айтты.
Алматы әкімдігінің алдында тұрған қысқа мерзімді міндет – жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 75%-ға дейін жеткізу. Бүгінгі күні 231 көшедегі 54 шақырым жолдың құрылысы аяқталды.
– Ұзындығы 135 шақырым болатын 147 көшедегі жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2020 жылы Алматының шетінде тағы 120 шақырым жолдың құрылысы басталады, – деп нақтылады Б. Сағынтаев.
Алматылықтар үшін ең өзекті мәселенің бірі – қоғамдық көліктің жұмысы. Жолаушылар тасымалының сапасын арттыру – алматылықтардың өмір сүру деңгейін жақсартудағы басты міндеттердің бірі.
– Осыған орай біз қоғамдық көлік санын арттырамыз. Коммерциялық құрылымдар 172 автобус сатып алды. Қала бюджеті есебінен газбен жүретін тағы 260 автобус алынды, – деді қала әкімі Б. Сағынтаев және жаңарған автобус парктерінің 90%-ға жеткенін нақтылады.
Қалада барлық троллейбус желісін модернизациялау басталды. Әкімдік қоғамдық көліктің экологиялық таза түріне көшуге жіті назар аударатын болады. Мысалы, көлік өте қажет және ұзын бағыттарға 10 электробус шығарылды.