Бүгін палата спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен мәжілістің жалпы отырысында Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс жобасы және оған ілеспе заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Жалпы отырыста Мәжіліс депутаты Наринэ Микаелян Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбекке цифрландыруды белсенді жылжыту жағдайында әкімшілік әділетті енгізуге қатысты мемлекеттік тілде бірқатар сұрақ қойды. Алайда вице-министр сұрақтарға орыс тілінде жауап берді.
Жауапты тыңдап болған соң мәжіліс төрағасы мемлекеттік тілде қойылған сұраққа қазақ тілінде жауап бермеген Асхат Оразбекті сынға алды.
– Әрине, бізде аударма бар. Осы залда отырған әрбір азаматқа қай тілде сөйлеймін десе де жағдай жасалған. Бірақ басқа ұлттың азаматтары қазақ тілінде сайрап тұрғанда, Сіздің мемлекеттік тілде жауап бермегеніңіз дұрыс емес, – деді Нұрлан Нығматулин.
Мақұлданған кодекс жобасының негізгі мақсаты – азаматтарға басқарушылық шешімдерді қабылдау процесіне нақты қатысуға мүмкіндік беретін кепілдіктерді бекіту және билік органдарымен бірге жоғары тұрған орган мен сотта дауларды қарау кезінде азаматтардың құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктерін белгілеу.