10 жылдан астам түрмеде отырған "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының бұрынғы жетекшісі Мұхтар Жәкішев шартты жазамен бостандыққа шықты.
3 наурызда Семейде Жәкішевтің ісі бойынша сот отырысы өткен. Судья оның шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырды. Бүгін – 19 наурызда шешім өз күшіне еніп, Жәкішев ОВ-156/14 қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінен бостандыққа шығарылды.
Жәкішевті қолдаған бір топ адам түрме қақпасы алдынан қарсы алды. Ол таңертең шығады деп күтілген. Жәкішевті мінгізген көлік түрме территориясынан сағат 10.20 шамасында шықты.