Қазақстанның премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның селекторлық отырысында Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 30 наурыз бен 5 сәуір аралығында кәсіпорындар мен ұйымдардың жұмысы уақытша тоқтатылатыны хабарланды.
Селекторлық отырыста елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай туралы денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы ахуал туралы әкімдер А. Көлгінов пен Б. Сағынтаев баяндады.
Мемлекеттік комиссия коронавирустық инфекцияның таралуын шектеу мақсатында Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында биылғы 30 наурыз бен 5 сәуір аралығында орталық мемлекеттік органдар, әкімдіктер, құқық қорғау органдары, денсаулық сақтау ұйымдары, БАҚ, азық-түлік дүкендері, дәріханалар мен тіршілікті қамтамасыз ету ұйымдарын қоспағанда, меншік түріне қарамастан барлық кәсіпорындар мен ұйымдардың жұмысын уақытша тоқтату туралы шешімді бекітті.
Толық тізім қалалардың әкімдіктерімен келісе отырып анықталады.