Карантин режимі кезінде спирттік антисептиктерді қолдануға бола ма, үйден шықпастан пітір-садақаны қалай төлеу керек сияқты ораза ұстаудың ережелері туралы Алматыдағы "Әли-Мұхаммед" мешітінің бас имамы, исламтанушы-дінтанушы Қанатәли Такиров "Веречний Алматы" басылымына айтып берді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) елдегі іргелі зерттеу орталықтарының бірі – В.Г.Фесенков атындағы "Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығының ғылыми деректерін негізге алып, сондай-ақ көршілес Өзбекстан мен Қырғызстанның мұсылмандар діни басқармасымен кеңесе келе "Рамазан айы 24 сәуірде басталады" деп белгіледі.
Сонымен қатар ораза кестесі де шариғат негіздері мен ғылыми зерттеулерге сүйене отырып жасалды. Осыған байланысты діни басқарма Рамазан туралы ақпаратты ҚМДБ-ның ресми www.muftyat.kz сайтынан алуға шақырады.
Вирусты таратпау үшін жұма намаз, тарауық намаз және өзге де бес уақыт қосымша намаз мешіттерде уақытша оқылмайды. Жұма намаздың орнына барлығы өз үйінде бесін намазын оқиды. Өйткені жамағатпен әрі мешітте оқылмаған намаз шариғат талаптары бойынша жұма намазы болып есептелмейді.
Сондай-ақ мешіт жанындағы асханалар мен қоғамдық орындарда ауызашар өткізу тоқтатылды. ҚМДБ қазақстандықтарды Рамазанда тарауық намазын үйде, отбасы мүшелерімен оқуға кеңес береді.
Пітір-садақа сомасы туралы
ҚМДБ президиумы шешімімен биыл пітір-садақа мөлшері жан басына 370 теңге болып белгіленді. Бұл – нарық бағасы бойынша орташа екі килограмм ұнның құнымен пара-пар. Материалдық әл-ауқаты жақсы адамдар пітір-садақаны мейіз немесе құрма бағасы бойынша бергені жөн.
Рамазан кезінде ең басты қажеттіліктерін өтегеннен кейін қалған малы мен қаржысының құны күміс нисабына яғни 127 мың теңгеге тең болғандар өзі және отбасы мүшелері үшін пітір-садақа төлеуге міндетті.
Пітір-садақа ораза кезінде кеткен қателіктерді жуып-шаю үшін және мұқтаж жандарға материалдық көмек жасау үшін беріледі.
Онлайн-қайырымдылық туралы
Төтенше жағдайға байланысты Рамазан айы кезінде елде пітір-садақа мен зекетті kaspi.kz мобильдік қосымшасы арқылы төлеуге болады.
Мұндай шешім бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының жетекшілігімен өткен ҚМДБ президиумының онлайн-отырысында қабылданған болатын.
ҚМДБ мен банк басшылығы арасындағы келісім бойынша, бірлескен онлайн-жоба қасиетті Рамазан айында жүзеге асырылмақ.
Мобильдік қосымшаға республикалық және облыстық маңызы бар қалалардағы барлық орталық мешіттің шоты енгізіледі. Әр азамат өз аймағындағы мешіттің шотына пітір-садақа мен зекетті үйінен шықпастан аудара алады.
Карантин тарихы туралы
Мұхаммед пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) індет таралған кезде адамдарды аурудан аман алып қалу үшін карантин жариялағанын көбі біле бермейді. Алла елшісі серіктеріне "Егер сендер бір жерде оба жайылғанын естісеңдер, ол жерге бармаңдар. Егер оба сендер тұрған жерге жайылса, онда одан қашамын деп ешқайда кетпеңдер" деген. Сондықтан ислам ұсынатын алғашқы амал – карантин.
Жақсы істер уақыты
Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): "Алла Тағала оның жеңілдіктерін қолданғандарды жақсы көреді және күнә жасағандарды жек көреді" деген. Денсаулық жағдайына байланысты ораза ұстай алмағандар 60 мұқтаж адамды тамақтандыруы қажет.
ҚМДБ азаматтарды ораза ұстайтын туыстары мен таныстарына тамақты үйлеріне дейін жеткізіп беруге, аз қамтылған және мұқтаж отбасыларға қажетті азық-түлік таратуға шақырды.
Ауызашар шығындарын ақшалай көмек түрінде мұқтаж адамдарға бөліп берулеріне де болады
Спирттік антисептиктер туралы
Шариғат заңдылықтары адамдардың төтенше жағдайы мен қажеттілігін ескереді. Осы жағдайларды ескеретін заңдар бар, өйткені шариғаттың басты мақсаты – жеңілдік жасау. Алла Тағала Құранда: "Алла сендерге жеңілдік тілейді және қиыншылықты қаламайды" дейді.
Шариғаттың заңы бойынша біз құзыретті адамдардың айтқандарын орындауымыз керек, бұл жағдайда дәрігерлер мен санитарлық эпидемиологтар профилактикалық шара ретінде қолға арналған спирттік антисептиктерді қолдануды қатаң ұсынған. Құранда да "іске келгенде олармен де ақылдас" деп бекер айтылмаған.
Құрамында спирт бар құралдарды қолдануға болады, алайда оның құрамында жүзім мен құрма болмауы қажет. Сондай-ақ шариғатқа сәйкес медициналық спирт тіпті арақты антисептик ретінде қолдануға рұқсат етілген, бірақ намаз алдында оны міндетті түрде жуып тастау қажет.
Саида АХМЕДОВА