2020 жылғы 9-13 шілде аралығында ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің Атырау облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің (ЭТД) қызметкерлері дәрілік препараттар мен жеке қорғану құралдарын заңсыз сатудың 3 фактісінің жолын кесті. Бұл туралы аталған департаменттің баспасөз қызметі хабарлайды.
Облыстық полиция департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп, жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында ЭТД қызметкерлері дәрілік заттарды жоғары бағамен және рұқсат құжаттарынсыз (лицензиясыз) сатудың 2 фактісін анықтады.
Атырау қаласының екі тұрғыны дәрі-дәрмектерді заңсыз сатқан. Олардан 400-ден астам бума, 50 флакон және ампула тапшы препараттар (парацетамол, дексаметазон, лидокаин, цефтриаксон, азитромицин, ацетилсалицил қышқылы, метронидазол) тәркіленді. Тәркіленген дәрі-дәрмектер Атырау облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасына тапсырылды.
Сондай-ақ, ЭТД қызметкерлері Полиция департаментімен бірлесіп, тексеріс барысында тағы 137 500 медициналық масканы тәркіледі.
Айыпты тұлғалардың әрекеттерінде ҚР ӘҚБтК-нің 424-бабы («Заңсыз медициналық және (немесе) фармацевтикалық қызмет») және 426-бабында («Фармацевтикалық қызметтің және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласының қағидаларын бұзу») көзделген әкімшілік құқықбұзушылық белгілері бар. Іс материалдары аталған тұлғаларды әкімшілік жауапқа тарту үшін өкілетті органға жолданды.