Қазақстанда бірнеше депутаттың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды. Бұл туралы парламент мәжілісінің жалпы отырысында Нұрлан Нығматулин мәлімдеді.
Депутаттар алдымен Айзада Құрманованың депутаттық өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы қаулыны бірауыздан мақұлдады. Экс-депутат қазіргі уақытта Павлодар облысы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Енді Құрманова жаңа қызметінде әлеуметтік мәселелерге жауап береді.
Экс-депутат Нұрлан Дулатбековтың депутаттық өкілеттігі де тоқтатылды. Ол қазіргі уақытта Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры қызметіне тағайындалды.
Сондай-ақ, парламент мәжілісінің депутаты Нұрлан Әбдіровтің де өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды. Ол күні кеше сенат төрағасының орынбасары қызметіне сайланды.
Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин "Нұрлан" есімді депутаттардың кетіп бара жатқанын әзілмен жеткізді.