Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша комиссия отырысы өтті

/image/2020/12/03/crop-240_36_1845x2460_28f79c96-f8b0-44f9-8e95-487fc93bb874.jpeg

Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның бірінші отырысы өтті. Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.

Биыл 24 қарашада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы" Жарлыққа қол қойған болатын.

Мемлекеттік хатшының айтуынша, мемлекеттік комиссияның басты міндеті – кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлық санаттарына қатысты тарихи әділеттілікті толық қалпына келтіру.

Материалдарға жан-жақты әрі кешенді зерделеу жүргізгеннен кейін, халықаралық тәсілдер мен стандарттар негізінде толықтай заңды, ал жекелеген санаттарға қатысты – қуғын-сүргін құрбандарын саяси ақтау жоспарланып отыр.

Отырыс барысында Мемлекеттік комиссияның қызметін ұйымдастырудың міндеттері мен негізгі сәттері, оның 2020-2021 жылдарға арналған жұмыс жоспары, қуғын-сүргін құрбандарының түрлі топтарын ақтау жөніндегі қызметті әдіснамалық қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Қуғын-сүргінге ұшыраған әр түрлі топтарды ақтау бағыттарын пысықтау үшін арнайы жұмыс топтарын құру ұсынылды.  

Отырыс соңында Қырымбек Көшербаев мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға бірқатар тапсырма берді.

Связанные Статьи