Қазақстанда 2020 жылдың 25 желтоқсаннан бастап 2021 жылдың 5 қаңтарына дейін шектеу шаралары күшейтіледі. Бұл туралы премьер-министрдің ресми сайты хабарлады.
"Қазақстанда коронавирус инфекциясының таралуы бақыланатын деңгейде тұр. Коронавирус инфекциясымен жаңадан сырқаттанғандардың тәуліктік өсімі 0,4%-ды, репродуктивтік көрсеткіші 0,9-ды құрайды. Инфекциялық төсек орындарының толымдылығы – 28%, реанимациялық төсек орындарының толымдылығы – 20%. 5 өңір жоғары және орташа тәуекел аймақтарында орналасқан, атап айтсақ: Атырау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстары" делінген хабарламада.
Келесі жылғы қаңтар-ақпан айларында ЖРВИ мен тұмаудың өсуі аясында коронавирус инфекциясымен сырқаттану деңгейінің арту қаупі бар.
Осыған байланысты ВАК бірқатар шешім қабылдады:
- 2020 жылғы 25 желтоқсаннан бастап 2021 жылғы 5 қаңтарға дейін ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, оның ішінде жаңа жылдық ертеңгіліктер мен мерекелік корпоративтерді өткізуге тыйым салынады.
- Эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін "Теңіз" кен орнында шектеу шаралары күшейтіледі.
- Бөлшек сауда желісінде антиковидті дәрілік заттардың бағасын орта есеппен 24%-ға төмендету бойынша шаралар қабылдау.
Сонымен қатар білім беру сапасын қамтамасыз ету мақсатында, Білім және ғылым министрлігінің ұсынысы бойынша, сондай-ақ қоғамның пікірін ескере отырып, келесі шешімдер қабылданды:
- оқу жылының III тоқсанынан бастап бітіруші сыныптар үшін (9,11,12 сыныптар) санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, аралас оқыту (пәндердің 70%-ын – дәстүрлі форматта, 30%-ын – қашықтан) қарастырылсын;
- оқу жылының III тоқсанынан бастап мектеп оқушыларының біліміндегі олқылықтардың орнын толтыру мақсатында сабақтан тыс уақытта 5 адамнан аспайтын топтарда жеке консультация ұйымдастырылсын;
- II семестрден бастап колледждер мен жоғары оқу орындарының бірінші курс студенттерін аралас оқыту қайта басталсын.
Үкімет басшысы әкімдерге өңірдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты жағдайды тұрақтандыру мақсатында қажетті шектеу шараларын қабылдауды тапсырды.