Денсаулық сақтау министрлігі елде бір тәулікте 2909 адамнан коронавирус, 140 адамнан коронавирус белгілері бар пневмония анықталғанын хабарлады.
Бір тәулікте 32 адам коронавирустан, 5 адам пневмониядан қайтыс болған.
Елде 2020 жылғы 13 наурыз бен 2021 жылғы 8 шілде аралығында ресми түрде 448 мың адамнан коронавирус табылған. Осы аралықта 57 630 науқаста пневмония расталып, 3481 адам қайтыс болған.
9 шілдедегі мәлімет бойынша, 36 723 адам коронавирус инфекциясынан емделіп жатыр. Олардың ішінде 11 534 пациент стационарда, 25 189 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда.
Індетке шалдыққандар арасында 735 адамның жағдайы ауыр, 169 пациенттің жағдайы өте ауыр, 93 науқас ӨЖЖ аппаратында жатыр.
Қазақстанда "үнді" штаммының таралуына байланысты коронавирус қайтадан өрши түскен. Кеше денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов 1 шілдеде үнді штаммын анықтау үшін 414 сынаманың ПТР скринингі өткізілгенін, соның нәтижесі бойынша үнді штаммы барлық облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында табылғанын мәлім етті.
Оның сөзінше, "Дельта штаммының" таралуынан соңғы екі аптада алдыңғы екі аптамен салыстырғанда республика бойынша барлық өңірлерде ауруға шалдығу деңгейі 1,9 есе өскен. Ол "Дельта" штаммының жұқпалылығы өте жоғары және анықталған штамдарға қарағанда 60% жұқпалы болып келетінін, орта есеппен 1 адамнан 5-6 адамға жұғатынын айтты.
2021 жылғы 9 шілдедегі мәлімет бойынша Қазақстанда вакцинаныңI компонентін 4 134 139 адам, II компонентін 2 336 019 адам салдырған.