Ауғанстан Ішкі істер министрлігі қыздардың орта мектепте оқуына жақын арада рұқсат етілетінін айтты.
Ауғанстан ішкі істер министрлігінің өкілі Кари Саид Хости Әл-Жазира телеарнасына берген сұхбатында нақты уақытты Білім министрлігі жариялайтынын хабарлады.
– Менің түсінігім мен ақпаратым бойынша, жақында барлық университеттер мен мектептер қайта ашылады, барлық қыздар мен әйелдер мектепке және мұғалімдік жұмыстарына оралады, – деді ол.
Талибан жасөспірім қыздарға "қауіпсіз оқу ортасы" болғанға дейін мектепке бармау керектігін бұйырған. Бірақ барлық сыныптағы ұлдар мен бастауыш мектеп жасындағы қыздар мектепке қайта оралды.
1990-шы жылдардағы Талибан билігі кезінде Ауғанстандағы әйелдердің білім алуы және жұмысқа орналасуына заңды түрде тыйым салынған. Ауғанстандағы жаңа биліктің кейбір шектеу саясаттары "тәліптер бұрынғы қатал режимді қайталауы мүмкін" деген қорқынышты тудырды.