Танымал қазақстандық қаржыгер, металлург және саясаткер Дәулет Сембаев қайтыс болды.
Дәулет Сембаев 1935 жылы 10 тамызда Алматыда туған.
1958 жылы Қазақ тау-кен металлургия институтын инженер-металлург мамандығы бойынша бітірген.
Тоқсаныншы жылдары Дәулет Сембаев Ұлттық банк төрағасы, премьер-министрдің орынбасары, сенат депутаты қызметтерін атқарған. Ол Қазақстан президентінің алғашқы экономикалық бағдарламасының қос авторларының бірі.
Дәулет Сембаев Қазақстандағы ұлттық валютаны енгізуге қатысқан. Елдегі қазіргі банк жүйесін қалыптастырудың басы-қасында болған.
2009 жылдың желтоқсан айынан бастап Халықаралық бизнес академиясының Қамқоршылық кеңесінің мүшесі болды. Ораз Жандосов, Григорий Марченко және басқа да еліміздің көрнекті қаржыгерлері өздерін сол кісінің шәкірті санайды.