Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Заречный ауылындағы қазандыққа барды. Жылу орталығының өкілдері облыс әкіміне қазандық жұмысын мазуттан табиғи газға ауыстыру жоспарлары туралы айтып берді. Сондай-ақ болашақта сұраныстың өсуіне байланысты кәсіпорынның жылу қуатын арттыру жоспарланып жатыр.
«Жоба дайын, сараптамадан өтті, егер келесі жылы жаңғыртуға қаржыландыру бөлінсе, 2024 жылы жұмыстарды аяқтаймыз», – деді жылу орталық өкілдері.
Жаңартудан кейін қазандықтардың қуаты 9,03 Гкал/сағ-тан 13 Гкал/сағ-қа дейін артады. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының алдын ала сомасы 200 млн теңгені құрайды.
Магистральдық газ желілерін салу Заречный ауылдық округінің екі ауылында 1 мыңнан астам тұтынушыны газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев Қонаев тұрғындарымен кездесуде атап өткендей, Заречный ауылындағы орталық қазандықтың қуатын арттыру бойынша жобалық-сметалық құжат әзірлеуге биыл жергілікті бюджеттен 9,9 млн. теңге бөлінді.
Қазіргі уақытта қазандық 35 үйді (600-ден астам пәтер), 224 жеке үйді және 5 әлеуметтік нысанды жылумен қамтамасыз етеді. Жылу желілерінің ұзындығы – 15,021 км, жылу желілерінің тозуы 24% құрайды.
Нысанда барлығы 5 қазандық орнатылған. АХ-300 және FX-300 Dual типті екі автоматтандырылған бу қазандығы, жалпы өнімділігі 0,6 тонна бу/сағ және 3 вв-3500 типті су жылыту қазандығы істеп тұр. Су жылыту қазандықтарының қазіргі жалпы өнімділігі сағатына 9,03 Гкал құрайды.
Естеріңізге сала кетсек, Қонаев қаласы қазандығы табиғи газбен жылытылатын еліміздегі жалғыз облыс орталығы.