Шымкент гарнизонының әскери соты әскерде жүріп қаза тапқан жауынгер Бекбол Мираштың қазасына айыпталған шекара заставасының сержантына қатысты үкім оқыды.
40 жастағы аға сержант Айбек Нұртай "бопсалау, билікті асыра пайдалану, өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" баптары бойынша айыпталған болатын. Сот әскери қызметкерді соңғы "өзін-өзін-өзі қлтіру" бабы бойынша ақтап, 3 жыл 6 айға түрмеге кесті.
"Жауапкер застава аумағында бар болғаны 8 күн болған. Ол жәбірленушімен бірнеше рет қана кездескен. Осындай қысқа мерзімде жауынгерді өз-өзіне қол жұмсауға итермелей алмас еді. Дәлелдер сотталушының бұл ретте кінәсін жоққа шығарады", - делінген соттың мәлімдемесінде.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Алайда айыпталушы Айбек Нұртай апелляциялық сотқа шағым беретінін айтты. "Үкімге келіспеймін. Арақ ішпеңдер деп ұрысқаным рас. Бірақ балағаттамадым, ұрмадым" – деді ол.
Еске сала кетейік, Атыраулық Бекбол Мираш өткен жылы 19 тамызда әскерде жүріп қаза тапқан еді. Марқұмның туыстары оның суицид жасағанына сенбейді. Биологиялық сараптама жауынгердің жыныстық қорлыққа ұшырағанын көрсеткен.