Маңғыстау облысының прокуратурасы Каспий теңізінің жағалауы бойындағы 3,4 мың гектар жер учаскесін жеке тұлғаға заңсыз беру фактісін анықтады.
Бастапқыда, 2007 жылы жер учаскесі «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ға сауықтыру кешенін салу үшін 3,1 млрд теңгеге сатылып, кейіннен «Гелиос» ЖШС-ға 3,3 млрд теңгеге қайта сатылғаны анықталды.
Талдау барысында аталған жер учаскесі ЖАО-мен ҚР Жер кодексінің талаптарын бұза отырып, заңсыз берілгені белгілі болды.
Атап айтқанда, жер комиссиясының отырысы өткізілмегені, сондай-ақ жер учаскесіне жерге орналастыру жобасы бекітілмегені анықталды.
Осылайша, жер учаскесін берудің жалпы тәртібі бұзылды (Жер Кодексінің 43-бабы).
"Облыс прокуратурасының қадағалау актісінің негізінде уәкілетті орган сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тану туралы сотқа талап-арыз енгізді. Экономикалық соттың шешімімен талап қоюшының талаптары толық көлемде қанағаттандырылды (заңды күшіне енген жоқ). Бүгінгі күнде жер учаскесінің кадастрлық құны 30 млдр теңгеден асады", делінген Маңғыстау облысы прокуратурасының хабарламасында.