Аталған сот онлайн форматқа ауысты. Сот өкілдері халықтың тілек-арызын басты назарда ұстайтынын жеткізді.
Талдықорған қаласында 2024 жылдың қазан айында Талғарда жасөспірімнің өлімімен аяқталған қылмысқа байланысты сот процесі өтіп жатыр. Бұл іс қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта қаралуда.
Айта кетейік, бұл іс бойынша 9 адамға айып тағылып отыр. Олардың бірі – кәмелетке толмаған. Қылмыс орнынан шалғайда қаралып жатқанымен, Жоғарғы соттың коммуникация бөлімінің мәліметінше, күдіктілер Талдықорғандағы уақытша оқшаулау изоляторында отырғандықтан, процесс осы қалада өтуде.
Қылмыстық іс бойынша алдын ала тыңдалым 10 сәуір күні басталды. Бұл күні сот залында тараптар алғаш рет жүздесті. Қайғылы оқиға 2024 жылғы 4 қазанға қараған түні Талғар қаласындағы дүкен маңында болған. Төбелес кезінде 16 жастағы бозбала пышақталып, ауыр жарақат салдарынан көз жұмған.
Тергеу амалдары барысында 40-тан астам сот-медициналық және криминалистикалық сараптамалар жүргізіліп, 200-ден аса куәгерден жауап алынған. Сонымен қатар, 8 бейнебақылау жазбасы зерттелген.
Сот отырысының ашық немесе жабық форматта өтуі тараптардың келісіміне сай шешілмек. Қоғам назарын аудартқан бұл іске қатысты үкім әлі шыққан жоқ.