1 шілдеден бастап елімізде барлық медицина ұйымдарында МКАБЖ енгізу басталады.
Жүйенің ерекшелігі туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан сұрап көрген едік.
Мемлекет басшысының міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі тапсырмасы аясында денсаулық сақтау саласында Медициналық көмекті төлеудің бірыңғай жүйесі (МКТБЖ) енгізіле бастады. Жаңа цифрлық құрал тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасы мен қаржыландырылуын бақылауға мүмкіндік береді, - деп жауап берді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры редакцияның ресми сауалына.
Биыл наурыз айында бірыңғай төлем жүйесінің пилоттық жобасы Ақмола облысындағы медициналық ұйымдарда іске қосылды.
Ал 1 шілдеден бастап бұл жүйе еліміздің барлық медицина ұйымдарында енгізіледі.
Жаңа цифрлық жүйе арқылы:
- көрсетілген медициналық көмектің негізділігін үздіксіз бақылау және дербес есепке алу негізінде медициналық қызметтердің ашықтығы қамтамасыз етіледі;
- негізсіз төлемдерді жоюға және медициналық қызметтердің сапасын бақылауды күшейтуге болады;
- медициналық көмекті көрсету кезіндегі қателіктер мен заңбұзушылықтар, соның ішінде "жалған көрсетілімдер" автоматты түрде анықталады;
- медициналық қызметтер үшін тек нақты көрсетілген көмекке ғана төлем жүргізілетініне кепілдік беріледі.
Аталған жүйелер қаржыны тиімді пайдалану, жалған мәліметтерді болдырмау және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға бағытталған.
Медициналық қызметтердің сапасын бақылаудың автоматтандырылған жүйесі медицина ұйымдарын пациенттердің нақты қажеттіліктеріне бейімделуге ынталандырады.
Ақмола облысындағы пилоттық жоба нәтижелері жаңа жүйенің тиімділігін растады. Пилоттық режимнің өзінде-ақ жүйе 11 мыңнан астам медициналық көмектің бекітілген стандарттарға сәйкес келмейтін дерегін, соның ішінде жалған жазбаларды анықтады. Анықталған заңбұзушылықтар бойынша ұйымдастырушылық және қаржылық шаралар қабылданады. Бұл жаңашылдықтың арқасында медициналық қызметтерді қаржыландыру әділетті әрі тиімдірек болады, ал пациенттер сапалы әрі уақтылы ем алуға үміттене алады, - деді қор.