"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының басқарма төрағасының орынбасары болып Қазбек Құсайынов тағайындалды. Ол компаниядан өз еркімен кеткен Серікқали Брекешевтің орнына келді.
Компаниясының баспасөз қызметінің Telegram-дағы арнасының хабарлауынша, "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының ұйымдық құрылымының өзгеруіне, "ҚМГ Инжиниринг" ЖШС құзыреттер орталығы қызметінің кеңеюіне байланысты кейбір блоктардың функциялары қайта қаралды. Атап айтқанда, корпоративтік дамуға жауапты блок күшейтілді, ал газ жобаларын басқару бағыты мұнай және газ өндіру блогына қайта берілді.
"Қазбек Қайнарбекұлы Құсайынов ҚМГ-ның стратегиялық және корпоративтік дамуына, тұрақты даму мен ESG, жобаларды басқару тиімділігін арттыруға, сондай-ақ декарбонизация және экология мәселелеріне жетекшілік ететін болады", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, Қазбек Құсайынов еңбек жолын 2000 жылы "ҚазТрансОйл" компаниясында әкімшілік департаментінің маманы болып бастады. Әр жылдары "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының активтерді басқару департаментінің бас маманы, "ҚазТрансГаз" компаниясында басшылық қызметтерді атқарды. M&SE ЖШС бас директорының орынбасары болып жұмыс істеді. 2023 жылдың тамыз айынан бастап "ҚазТрансОйл" компаниясының Директорлар кеңесінің мүшесі — тәуелсіз директоры болды.