Этнограф Болат Бопайдың еңбектері Брайль қарпінде жарық көрді

/uploads/thumbnail/20250421184336517_big.webp

Бүгін Алматы қаласында KITAP FEST – "КІТАП" мерекесі аясында ерекше шара өтті. Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханада көрнекті этнограф Болат Бопайдың «Қазақ дастарханы», «Қазақ батасы», «Қазақ дәстүрлері», «Қазақ ырым-ғұрыптары» атты еңбектері алғаш рет Брайль қарпінде (нүктелі-бедерлі шрифт) және МР-3 форматында жарық көріп, көпшілікке таныстырылды.

Іс-шараның салтанатты ашылу рәсімін кітапхана басшысы Асхат Байұзақов ашып, бұл жобаның маңызына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, ұлттық құндылықтарды мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді ету – мәдениет пен адамгершіліктің биік үлгісі.

Этнографтың 65 жылдығына арналған еске алу кешінде "Ерекше жандарға – ерекше кітаптар" атты тақырыптық көрме ұйымдастырылды. Көрмеде Болат Бопайдың этнографиялық мұралары мен сирек кездесетін қолжазбалары көпшілік назарына ұсынылды.

Тұсаукесерге марқұмның жары Анар ханым мен ұлы Дулат Болатұлы, қаламгер достары – ақын-жазушы Тұрсынбек Кешубай, әнші-сазгер Серік Бешенұлы және "Қамшы" ақпарат порталының жетекшісі Біләл Қуаныш қатысып, Болат Бопай туралы естеліктерімен бөлісті. Олар этнографтың халқына деген сүйіспеншілігі мен еңбегінің ұлт руханиятына қосқан үлесін ерекше атап өтті.

Шара аясында Болат Бопайдың "Алтайым", "Айнам-ай", "Қазақ елі" атты әндері орындалып, көрермендерге рухани ләззат сыйлады. Кеш жылы шырайлы атмосферада өтіп, қатысушылар этнографтың бай мұрасына жаңаша көзқараспен үңілуге мүмкіндік алды.

 

Связанные Статьи