Аягүл Мантай - Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданы, Байқоңыс ауылында дүниеге келген. 2009 жылы «Жалын» баспасынан «Жаңбырлы көктем» атты әңгімелер жинағы жарық көрген. Ол «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты, Баққожа Мұқай атындағы әдеби байқаудың жүлдегері. 2010 жылы Әдебиет номинациясы бойынша Президент стипендиясының иегері, Ресей Халықтар Достығы Университетінің түлегі.
Біз бәріміз бір-бірімізге өз «айнамыз» арқылы қараймыз
– Аягүл, қазір шетелде білім алып жүрсеңізде, фейзбук парақшасында елімізде болып жатқан өзекті мәселелерге өз пікіріңізді білдіріп, өткір ойлар жазып жатасыз. Сіздің жазушылық қырыңызды барша оқырман қауым біледі. Бірақ бүгін біз сізбен әдебиет жөнінде емес, жалпы ұлтқа қатысты мәселелер төңірегінде сұхбат алмақпыз. Сіз жалпы елімізде болып жатқан нәрселерге сергек, басқаша бір «стандартты емес» көзқараста қарап жүресіз. Қазіргі қазақты қаншалықты мәдениетті халық деп есептейсіз? Сіз үшін халықтың мәдениетінің өлшемі қандай?
– Бүгінгі қазақтың мәдени деңгейіне жалпылама сипаттама беру қиын. Бүгінгі қазақ – кешегі қойшысына дейін кітап оқитын, «Жұлдыз» журналын жаздырып алатын, Шекспирді білетін қазақ емес. Бүгінгі қазақты әлеуметтік топтарға бөліп, қандай діни ағымның мүшесі екенін анықтап, олардың ортақ сипаты арқылы мәдени деңгейін пайымдауға болады. Меніңше, ең мәдениетті адам – ақиқатты, Құдайды іздеген адам. Біздің бәріміздің пешенемізге Толстой, Гюго, Ганди болу жазылған жоқ. Олардың миссиясы: ақиқатты, Құдайды танып қана қоймай, өзгелерге ақиқатты таныттыру болды. Біздің миссиямыз – ақиқатты іздеу, өзіміз үшін іздеу. Біздің қоғамның қасіреті сонда: ақиқатты өзі танымай жатып, Құдай туралы лекция оқығанды хоббиға айналдырған пенделер көп.
Біз бәріміз бір-бірімізге өз «айнамыз» арқылы қараймыз. Тіпті өзімізді де өз ішіміздегі айнамыз арқылы көргіміз келеді. Билікке де ұзақ жыл айна арқылы қарап келдік. Айнаны шетке ысырып, билікке тура қарап едік, бәрі шатасып кетіпті, баяғыда... Әрине, қоқыстан утопия іздеп жүргенімізді бұған дейін де білдік.
Біздің қазіргі қоғамда ең мәдениетті, тәрбиелі адам дегеніміз – көнбіс, жуас, момын адам. Өз ісінің кәсиби маманы болмаса да, олар жұмыста ұзақ уақыт сүйретіліп жүре береді. Себебі, өзінің біліміне, талантына сенбейтін басшылар үшін осындай кемшілігін бетіне баспайтын «мәдениетті» адамдармен жұмыс істеу тиімді. Шын мәнінде, ақиқатты, шындықты айта алмаған әрқайсымыз рухани қылмыскерміз. Адам өлтірген жоқпыз, біреуді ұрып, жарақаттаған жоқпыз, тек өзімізді тұншықтырып, улап жатырмыз. «Жұмыстан шығарып жібермесін» деп ештеңе айтпаймыз. Жұмысқа сүйретіліп барып, сүйретіліп қайтамыз. Солай сүйретіліп жүргенде өмір өтеді. Сүйретіліп жүрген адамның жұмысында нәтиже бола ма? Әрине, жоқ. Қу нәпсіңіз қанағаттанды ма? Жоқ. Бізде мұндай адамдар мың мес, жүз мың емес, миллион... Бірақ олардың бәрі ойыңды ашық айтатын, дамыған, жақсы қоғамда өмір сүргісі келеді. Бірақ, шын мәнінде, демократиялы қоғамды құратын, құруға шамасы келетін сол адамдар. Бірақ үн қатуға, шындықты айтуға қорқады.
Қазақ қоғамы – хаос. Біздің қоғамның о баста сыртқа шыққан жарасы ішке түсіп кетті. Бірақ ол – біздің ғана қоғамымыз. Оның диагнозын өзіміз ғана білеміз. Білеміз, бірақ емдегіміз, емделгіміз келмейді.
Бала кезімізде бір досымыздың туған күніне бардық. Үйлерінің едені тым ескі екен. Ойнап жүріп, ағаш еден сынып, аяғымыз жарыққа кіріп кетіп, екі-үшеуіміз құлап түстік. Екі жылдан кейін әлгі үйге тағы бардық. Сол баяғы шіріген еден... Анасы «Ана тесікке жақындамай билеңдер» деп ескертті.
Мен бұл оқиғаны не үшін есіме алдым? Біз қазір бомбаның айналасында билеп жүрген жынды көбелектер секілдіміз.
«Қазақ жалқау», «қазақ жатыпішер» деген сөзді аса терең емес, өзіне сын көзбен қарай білмейтін адам айтады
– «Қазақ жалқау», «қазақ жатып ішер» деген сөзге құлақетіміз үйреніп кеткені соншалық, тіпті мән бермейтін де болдық. Сіздің ше, шынымен қазақ жалқау халық па? Нарықтық қоғам қазаққа не үйретті, қалыс қалған тұсы қандай?
– Мәскеуде нан іздеп, қаңғып жүрген көрші мемлекеттердің азаматтарын көрген сайын бір құрбымның айтатыны бар: «Біздің қазақ – ақылмен, мимен жұмыс істеуге қабілетті халық. Біздің бұлармен салыстырғанда әлеуметтік жағдайымыз жақсы болса, оның себебі ата-бабаларымыздың жасаған көптеген жақсы қасиеттерімен байланысты. Соның шарапатын біз көріп жатырмыз».
«Қазақ жалқау», «қазақ жатыпішер» деген сөзді аса терең емес, өзіне сын көзбен қарай білмейтін адам айтады, меніңше. Әрқайсымыз өзімізді өзгертпей, ештеңе өзгермейді. Біздің билік – біздің деңгейіміздің көрсеткіші. Билік өзгермесе, демек, біз әлі өзімізді өзгерте алмай жатырмыз.
Бұрын мен газет-журналдардан әйгілі тұлғалар туралы мақалалар оқығым келетін. «Неге осы тақырыпта ешкім жазбайды екен?» деп ойлаушы едім. Менің қателігім сонда: біреу жазса деп күттім. Тұрақты түрде жазып, жариялап отыратын ешкімді көрмедім. Соңғы кезде осы тақырыпта жиі жазып жүрмін. Демек, басыңа бір ой келді ме, соны біреу іске асырса екен деп күтуге болмайды. Біздің қазақтың өзім байқаған бір кемшілігі: біреу жасаса екен, біреу жасап берсе екен деп күтеміз. Ол біреу де «осы істі біреу қолға алса екен» деп күтеді.
Әлем әдебиетінен жақсы шығармалар оқып отырып, «осы кітаптың қазақша аудармасы жоқ қой, соны аудармашылар аударса дұрыс болар еді» деп ойлап қоям. Бұл да – қателік. Ойладым ба, соны өзім қолға алуым керек. Ал мен өзімді «Біздің қоғамда ақыл-ой еңбегі бағаланбайды» деп ылғи да ақтап алам. Қалың кітапты аудару үшін қаншама энергия, уақыт кетеді. Көркем аударма жасап отырғанда көңіліңде тыныштық болу керек. Бір жеті көзіңнің майын таусып жазған дүниеңе алған қаламақың бір түскі астан аспаса, көңілде қайдағы тыныштық....
– Қазіргі замандастарыңызға, өзіңізден кейінгі буынға қаншалықты көңіліңіз толады?
– Біздің буын – балалық шағын ұрлатқан буын. Сол себепті, мен оларға шамам келгенше түсіністікпен қарауға тырысам. Өзімнен кейінгі буынға баға беру үшін мен олардың әлемімен таныс болуым керек. Қазір Мәскеуде тұрып жатқандықтан әдебиетке келіп жатқан жастармен, жалпы жас буынмен аса байланысым жоқ. Өзіме жиі хат жазып тұратын жас қыз-жігіттердің таза, шынайы екенін білем. Олармен әр сөйлескен сайын «Тазалықтарын жоғалтып алмаса екен, мен бұлардың тазалығына ғашықпын ғой» деп күбірлеймін. Рухани құлдырауға ұшырыған біздің қоғамды құтқаратын да сол: жаны таза, шынайы адамдар.
– Бүгінгі Қазақстанның жастары – тәуелсіздіктің толқындары, бірақ сол жастардың саяси белсенділігі көп байқалмай жатады. Олар жауапкершіліктен қорқатын сияқты. Оның себебі неде деп ойлайсыз? Қамсыз, тыныш елде өмір сүруге шүкіршілік еткендері ме, әлде тоғышарлық па?
– Жастар ештеңеге селк етпесе, бәріне немқұрайлы қараса, оның себебін қоғаммен, отбасымен байланыстыру керек. Бізде магистрлік, докторлық диссертация жазғанда ғана емес, ең арысы мектепте шығарма жазғанда да Елбасының атын қосу керек.
Әке-шешелерінің пәтер ақысын төлеуге шамасы келмесе,бастарында несиесі болып, күн сайын үйде ұрыс-керіс болса, мектеп жиі ақша сұрап, шешесі «ақша жоқ, бермеймін» деп ұрысса, баланың тұлғалық болмысы дамымақ түгілі, басылып, жаншылып кетеді. Өзін тұлға сезінген жас қана пікірін айта алады.
– Жердің сатылуы думпу тудырып, барша халықты алаңдатқан өзекті мәселе болды. Аягүл, Қазақстанда болсаңыз, «жер сатылмасын!» деп алаңға шығар ма едіңіз?
– Ісі мен көзқарасы қабыспайтын адамдарды ұнатпаймын. Сол себепті, «шығар едім» деп сізді сендіруге тырыспай-ақ қояйын.
Мақтанды демеңіз, марқұм Әшірбек Сығай мені «Жанна д’Арк» дейтін. Жалпы қазақтарды шетелдің тұлғаларына теңеп жатуына қарсымын. Бірде Дулат Исабеков, Әшірбек аға үшеуміз әңгімелесіп отырғанбыз. Әшірбек аға «Жанна д’Арк, мына мәселеге сенің көзқарасың қалай?» деп сұрады. Дулат аға «Жанна д’Аркың не? Қарындасыңды еркелеткің келсе, Бөрте дей салсаңшы» деп ренжіді. «Қарашы, көзі Жанна д’Арктан аумайды ғой, аумайды» деп қалжыңдады Әшірбек аға. «Сенде Жанна д’Аркты көзіңмен көріп, өлең арнаған ақын секілді айттың ғой» деп Дулат аға да күлді. Мен кейін бір әңгімемді Дулат аға айтпақшы, «Бөрте» дей салдым.
Тым жас болсам керек, ол кісінің маған қойған лақап атына мән бермедім. Бір күні Жазушылар Одағының қасында Әшірбек ағаны көріп қалдым. «Жанна д’Арк, атылып кетпей, біреулер асып тастамай, тірі жүрсің бе, әйтеуір» деп бетіме аяй қарады. Бұл менің «Қазақ әдебиеті» газетінің басшылығымен келіспей, жұмыстан кетіп жатқан кезім болатын.
Орыстілді қазаққа болсын, өзге ұлтқа болсын Қазақстанда қазақша сөйлемесең, күн көре алмайтындай сезімді сезіндірер едім
– Сіз қолыңызда билігі бар шенеунік болсаңыз, ең алдымен не істер едіңіз?
– Біздің қоғамда әйел адамның билікке көптеп келуіне қарсымын. Себебі, бізде билікте жүрген әйелдердің басым көпшілігі психологиялық тұрғыдан биік лауазымды қызметке дайын емес. (Ер адамдар да дерсіз. Келісем.) Жұмыс бабымен үш-төрт әйелдің қызмет орнына бардым. Ауыздарынан ақ ит кіріп, көк ит шығып, бажылдап айқайлап, еркектерді тырқыратып, кабинетінен қуып шықты. Қол астындағы қызметкерлер сыртқа шыққасын боқтап, қарғап-сілеп бара жатты. Әйел адамдар табиғатынан жылтыраққа құмар ғой, көптеген әйелдер байлықты, атақ пен қызметті көтере алмай қалады. «Маргарэт Тэтчер Англияның экономикасын дамытты, қай жағынан болсын алға сүйреді» дейтіндеріңізді білем. Тіпті Темір ханым премьер-министр болған кездегі Англия мен бүгінгі Қазақстанды да салыстыра алмаймыз. «Қазақ әйелдеріне теңдік беру керек пе?» деген сұрақ талқыланып жатқан кезде ағылшын әйелдері жаңалық ашып жатты.
Білем, «билікке әйелдерді көп жолатпау керек» деген пікірім үшін біреулер мені «консервативті көзқарастағы адам» деп санайды. Иә, билікке араласып жүрген әйелдердің ішінде ер адамдарға қарағанда қоғамға шынымен пайда келтіріп жатқан әйелдер бар. Бірақ аз, өте аз.
Мен ешқашан шенеунік болмаймын, маған ешкім қызмет ұсынбайды, ұсынған күнде бас тартам. (Осы сөзіме сеніңіз).
Негізгі сұрағыңызға мысал ретінде жауап берейін. Орыстілді қазаққа болсын, өзге ұлтқа болсын Қазақстанда қазақша сөйлемесең, күн көре алмайтындай сезімді сезіндірер едім. Әрине, мәдениетті түрде. «Орысша білмесең, Қазақстанда өмір сүре алмайсың» деген түсінікпен, қорқынышпен өз отанында әлі қаншама қазақ өмір сүріп жатыр.
Өзіме «Өзбекәлі Жәнібеков қазақ театрын, дәстүрлі өнерін, жалпы қазақ мәденетін дамытты, мен сол деңгейде жұмыс істей алам ба?» деген сұрақты қояр едім.
Ешқашан «Мені менен білімді, менен талантты адам жұтып жібереді, соның көлеңкесінде қалам» деп қорыққан емеспін. Себебі, мен өте эгоист, өзіне өте сенімді адаммын. (Өзінің эгоист екенін мойындамайтын және осы сөзді біреу өзіне қарата айтса, ренжитін адамдарды ешқашан түсіне алмаймын). Айналама потенциалы мықты адамдарды жинар едім. Шынымен талантты ма, шынымен білімді ме, жеке басын ұнатпасам да «Ол – талант, ол мықты!» деп айта алам. Мені өте жақын білетін құрбыларым бұл мінезімді жақсы біледі.
Сұхбаттасқан: Айжан Қалиева