Қазақстанның өзге қаласына уақытша тұру үшін барған кез келген қазақстандық міндетті түрде сол жерде тіркелуі керек. Бұл талапты орындамаған жағдайда 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни шамамен 23 мың теңге айып төлейді. Тұрған жері бойынша тіркелу талабы – әлемдік тәжірибеде бар нәрсе. Тіркеу адамдардың еркін жүріп-тұруына кедергі жасамайды, ал тіркелу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығында 10-20 минут қана уақыт кетеді деген болатын ҚР ІІМ Көші-қон полициясы департаменті басшысының орынбасары Галина Сәрсенова. «Уақытша тіркеу деген не және ол үшін қандай құжаттар керек?» деген материалда жаңа заңның қыр-сыры баяндалған болатын.
«Уақытша тіркеу» жайлы әңгіменің шыққаны кеше ғана. Алайда бүгін аталмыш жаңалық қазақстандықтардың қорқынышты түсіне айналуда.
Мұрат Әбенов facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында былай деп жазады: «Енді қалай? Тіркелсе, төлем қымбаттайды. Себебі салық көбейеді. Пəтер иесі өз қалтасынан оны төлемейді. Салмақ жалдаған азаматқа түседі. Оған жұмысында ақша қоса ма? Тіркелмей тұрса – заң бұзғаны. Ол кезде қызметтік этикаға қарама-қайшылық үшін қызметтен шығара ма? Онда жұмыста кім қалады? Осыны ойлағандар бар ма?».