Мынау қазіргі жаңартылған бағдарлама бойынша орта мектепке қазақ әдебиеті пәнінен берілетін базалық білімнің мазмұны екен. Кәсіби әдебиетшілер толықтыра жатар, меніңше мұнда бірнеше кемшілік (олқылық) бар.
- Бұл пән іштей әдебиеттің тарихы, сыны және теориясы деген салаларға бөлінеді. Бұрынғы бағдарламада жоғары сыныптар халық ауыз әдебиетінен бастап бүгінге, қазіргі қазақ әдебиетіне қарай бірте-бірте жылжитын еді, мұнда әр сыныпта әдебиет тарихының ана кезеңінен, мына кезеңінен бір-екі шығармадан үзіп-жұлып беріледі. Осы дұрыс па?
- Әдебиеттің әр кезеңін бастап тұратын ортан қол жазушылар болады. Солар түгел қамтылған ба? Мәселен, әнұран авторы Н.Нәжмеденов, 30 том мұра қалдырған Мәшһүр Жүсіп, қысқа сөз шебері Б.Майлиннің әңгімелері және т.б. бұл бағдарламаға кірмей қалған.
- Ауыз әдебиеті Керқұла атты Кендесбай мен Қобыланды, Қыз Жібек, Асан Қайғымен біте ме? Қазақ оқушысына халқының ғасырлар бойы жинаған мол мұрасы (100 том бабалар сөзі) енді керек емес пе? Ауыз әдебиетінен осыларды ғана оқыса жетеді деп кім шешкен? Мақал-мәтел, жұмбақ, айтыс және т.б қайда?
- Қазақ әдебиеттану ғылымы мен қазақ тіл білімінің негізін салушы, жалпы қазақ филологиясы ғылымының негізін салушы Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерінің ішінен бүкіл орта мектеп бойы бала тек «Егін бастары» мен «Адамдық диқаншысы»деген екі өлеңін оқыса, жеткілікті ме? Ақаң ұлттың ар-ожданы емес пе? Екі өлеңінен бала Ақаңды бір толық танып бола ма? Абайдан кейінгі поэзияның ірі өкілі Мағжанның Батыр Баяннан басқа бір де өлеңі кірмеген. Неге?
- Бір тоқсан бойы (24 сабақ) әдебиеттен бір-екі шығарманы ғана оқыту баланы шектеу емес пе? Мәселен, бұл бағдарлама бойынша оқушы 9 сыныпта 4 тоқсанда (24 сабақ) тек Н.Айтұлының «Бәйтерек» поэмасы мен Кнут Гамсунның «Аштық» романын ғана оқиды екен. Бұл қазақ мектебінде қазақ баласын рухани аштыққа ұшырату емес пе? Көркемсөздің шеберлері-сол кезеңнің бейнесін дәл танытатын Ж.Аймауытов пен М.Әуезовтың әңгімелері неге толық кірмеген?
- Қазақ әдебиеті пәніне 5-пен 11-ші сыныптарда алты жүзден аса сағат беріледі екен. Оқушыға әр шығарманы талдауға үш сағаттан берілгенде, неге ең құрмағанда 200-ден аса шығармамен танысуға мүмкіндік берілмеген? Неге бұл бағдарлама бір оқу жылына берілетін 108 сабаққа бар-жоғы 12-14 туындымен ғана шектелген? Мысалы,
5-сыныпта жыл бойына 14 шығарма,
8-сыныпта жыл бойына 16 шығарма,
11-сыныпта жыл бойына 8 шығарма. Бұл қолдан жасалған шектеу емес пе?
- Әдебиеттің теория мен сыны қайда? Ондай білім неге оқушының жас ерекшелігіне қарай мөлшерлеп берілмеген? Бұл әдебиеттану деген ғылыми пәннің мектептегі базалық біліміне кірмей ме? Жалпы әдебиеттанудың салалары, осы уақытқа дейінгі жүйеленген категориялары, типтері деген ұғымдардан оқушы мақұрым болуы керек пе? Неге, нені оқытуды кәсіби әдебиетші ғалымдар шешіп, ал Кембридждің «Жаңа» мазмұндағы оқыту технологиясымен қайта қаруланған әдіскер-тренерлер соны қалай оқытудың жайына ғана араласпайды? Әдебиеттану ғылымының методологиясын бейберекет бұзуға оларға кім құқық берген? Негізін Ақаң салған әдебиет тану ғылымы енді әдірем қала ма?
- Әдебиет пәнінің негізгі мақсаты: ұлттың рухани әлеуетін қалыптастыру емес пе? Орта мектептегі осындай жүйесіз білімнен кейін тамыры тарихи құндылықтарға тереңдемеген батыстың лебіне де, шығыстың желіне де көзсіз домалай беретін ұлтының аялық біліміне қанықпаған қаңбақ сияқты жастар қайдан шығады деп таңқалуға бола ма?
- Жалпы сұрақ көп. «Негізгі орта білім беру деңгейіне арналған «Қазақ әдебиеті» оқу пәнінен жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламасы» алдарыңызда. 1,2 және 5-7 сыныптар осымен оқып та жатыр. Не дейсіздер, әдебиетші мырзалар? Ең құрмаса, үн қосыңыздар!!!
Орта мектептегі қазақ әдебиетінің жаңартылған оқу бағдарламасы.
Сынып |
Тоқсан |
Шығармалар |
5сынып Жалпы- 68 сағат |
1 тоқсан (16 сағат) |
«Керқұла атты Кендебай» ертегісі, «Қобыланды батыр » жыры, Асан Қайғы «Асан Қайғының жерге айтқан сыны» аңызы. |
|
2 тоқсан (15 сағат) |
Дулат Бабатайұлы «О, Ақтан жас, Ақтан жас», Ыбырай Алтынсарин «Қыпшақ Сейітқұл», «Атымтай Жомарт», «Дүние қалай етсең табылады?» |
|
3 тоқсан (22 сағат) |
А.Байтұрсынұлы «Егіннің бастары мысалы», «Адамдық диқаншысы» өлеңі, Б.Соқпақбаев «Менің атым Қожа» хикаяты, М. Қабанбай «Бауыр» әңгімесі. |
|
4 тоқсан (15 сағат) |
Т.Нұрмағамбетов «Анасын сағынған бала» әңгімесі, Нұрдәулет Ақыш «Нағыз әже қайда?» әңгімесі, Д.Лондон «Мексика ұлы» әңгімесі. |
6 сынып Жалпы- 68 сағат |
1 тоқсан (16 сағат) |
«Аяз би» ертегісі, «Алып Ер Тұңға» жыры, Әл Фараби «Қашықтасың туған жер», «Тіршілікте құрыштай бол төзімді», Доспамбет жырау «Қоғалы көлдер, қом сулар», «Айналайын, Ақ Жайық». |
|
2 тоқсан (15 сағат) |
Абай Құнанбайұлы «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін», «Ғылым таппай мақтанба», «Бірінші қара сөз», «Жетінші сөз», «Отыз бірінші қара сөз». |
|
3 тоқсан (22 сағат) |
С.Торайғыров «Шығамын тірі болсам адам болып», «Шәкірт ойы», С.Мұратбеков «Жусан иісі», О.Бөкей «Тортай мінер ақбоз ат», Қалқаман Әбдіқадыров «Қажымұқан». |
|
4 тоқсан (15 сағат) |
Е.Жүніс «Менің атым – Тәуелсіздік» өлеңі, А.Алтай «Прописка», Р. Ғамзатов «Ана тілі», «Менің Дағыстаным». |
7 сынып Жалпы – 68 сағат |
1 тоқсан (16 сағат) |
«Қыз Жібек» жыры, Орхон-Енисей ескерткіштері, «Күлтегін» жыры, Жиембет жырау «Еңсегей бойлы Ер Есім», Қазтуған жырау «Қазтуғанның қонысымен қоштасуы». |
|
2 тоқсан (15 сағат) |
Ш.Қанайұлы «Зар заман», С.Аронұлы «Сүйінбай мен Қатағанның айтысы», Жамбыл Жабаев «Зілді бұйрық». |
|
3 тоқсан (22 сағат) |
М. Жұмабаев «Батыр Баян», М. Әуезов «Көксерек», Қ. Қайсенов «Жау тылындағы бала», С. Сарғасқаев «Тәмпіш қара». |
|
4 тоқсан (15 сағат) |
М.Шаханов «Нарынқұм зауалы», М.Темірхан «Тәуелсізбін өлеңі», Т. Әбдіков «Қонақтар», А. Пушкин «Ескерткіш». |
8 сынып Жалпы – 102 сағат |
1 тоқсан (24 сағат) |
Қорқыт «Байбөрі баласы Бамсы-Байрақ туралы жыр», Қорқыттың нақыл сөздері, А.Йассауи «Даналық кітабы», Ақтамберді жырау «Күлдір-күлдір кісінетіп», «Балаларыма өсиет», Шалкиіз жырау «Би Темірге бірінші толғауы». |
|
2 тоқсан (24 сағат) |
М.Мөңкеұлы «Үш қиян», «Сарыарқа», Ш.Құдайбердіұлы «Еңлік-Кебек» дастаны, «Жастарға» өлеңі. |
|
3 тоқсан (30 сағат) |
М. Дулатов «Бақытсыз Жамал» романы, Б. Момышұлы «Ұшқан ұя» әңгімесі, Д.Исабеков «Әпке» драмасы, М.Мақатаев «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы. |
|
4 тоқсан (24 сағат) |
Т.Ахтанов «Күй аңызы» әңгімесі, Ж.Сахиев «Айдағы жасырынбақ», «Дабыл» фантастикалық әңгімелері, Р. Мұқанова «Мәңгілік бала бейне». |
9 сынып Жалпы – 102 сағат |
1 тоқсан (24 сағат) |
Ж.Баласағұн «Құтты білік», Шешендік өнер: Майқы би мен Мөңке бидің шешендік сөздері, Әнет баба «Не арсыз? Не ғайып? Не даусыз?», Төле би «Ердің бақыты – әйел», Әйтеке би «Қасқакөл дауы», Қазыбек би «Кім жақын? Не қымбат? Не қиын?», С. Датұлы «Балаби мен Сырым», Бұқар жырау «Тілек», «Әй, Абылай, Абылай», «Асқар таудың өлгені», «Біржан – Сара» айтысы. |
|
2 тоқсан (24 сағат)
|
Нысанбай жырау «Кенесары – Наурызбай», Махамбет Өтемісұлы «Махамбеттің Баймағамбетке айтқаны», «Мен, мен, мен едім», «Бағаналы Терек», Ш.Уәлиханов «Ыстықкөл күнделігі». |
|
3 тоқсан (30 сағат) |
І. Жансүгіров «Құлагер» поэмасы, Б.Майлин «Шұғаның белгісі» хикаяты, Ғ. Мүсірепов «Ұлпан» романы, Т. Айбергенов «Сағыныш», Ф. Оңғарсынова «Өлең, мен сені аялап өтем». |
|
4 тоқсан (24 сағат) |
Н. Айтұлы «Бәйтерек» поэмасы, Кнут Гамсун «Аштық» романы. |
10сынып, жаратылыстану-матем. Жалпы – 68 сағат |
1 тоқсан (16 сағат)
|
Абай шығармашылығы. «Сегіз аяқ», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Лай суға май бітпес қой өткенге» өлеңдері; он жетінші қарасөз, отыз екінші қарасөз, «Масғұт» поэмасы. |
|
2 тоқсан (15 сағат) |
М.Сәрсеке «Қаныш Сәтбаев» роман-эссе.
|
|
3 тоқсан (22 сағат) |
А.Кемелбаева «Шашты» әңгімесі, Т.Сұлтанбеков «Көшпелі алтын» ғылыми фантастикалық әңгіме, Оразақын Асқар «Шетте жүрген бауырларға» өлеңі. |
|
4 тоқсан (15 сағат) |
Ш. Мұртаза «Бесеудің хаты» драмасы, Ж.Бөдеш «Жалғыз» поэмасы. |
10 – сынып, қоғамдық- гуманит. Жалпы – 102 сағат |
1 тоқсан (24 сағат) |
Абай шығармашылығы. «Сегіз аяқ», «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да», «Сабырсыз, арсыз, еріншек», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Болыс болдым, мінеки», «Лай суға май бітпес қой өткенге» өлеңдері; он жетінші қарасөз, отыз екінші қарасөз, отыз үшінші қарасөз, «Ескендір» поэмалары. |
|
2 тоқсан (24 сағат) |
Жүсіпбек Аймауытов «Ақбілек» романы, Ә.Кекілбаев «Аңыздың ақыры» повесі. |
|
3 тоқсан (30 сағат) |
М.Мағауин «Шақан - шері» романы, Ш.Айтматов «Боранды бекет» романы, Ұ.Есдәулетов «Біз түркілерміз». |
|
4 тоқсан (24 сағат) |
Қ.Жұмаділов «Тағдыр» романы, Шахмардан Құсайынов «Томирис» драмасы, Ш.Мұртаза «Тәуекел той» әңгімесі. |
11 – сынып, жаратылыстану – матем. Жалпы – 68 сағат |
1 тоқсан (16 сағат) |
О.Бөкей «Атау кере» повесі, Ж.Әбдірашев «Дала, сенің ұлыңмын» өлеңі. |
|
2 тоқсан (15 сағат) |
Б.Мұқай «Өмірзая» романы, Лира Қоныс «Тиын» әңгімесі.
|
|
3 тоқсан (22 сағат) |
М. Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясы 1, 2-том. |
|
4 тоқсан (15 сағат) |
Қ.Мырзалиев «Қызыл кітап» поэмасы, С.Балғабаев «Тойдан қайтқан қазақтар» комедиялық драмасы.
|
11 – сынып, қоғамдық – гуманит. Жалпы – 102 сағат |
1 тоқсан (24 сағат) |
С.Сейфуллин «Сыр сандық» өлеңі, И. Есенберлин «Қаһар» романы, А.Сүлейменов «Бесатар» повесі. |
|
2 тоқсан (24 сағат) |
С. Елубай «Жалған дүние» романы, Қасым Аманжолов «Өзім туралы» өлеңі.
|
|
3 тоқсан (30 сағат) |
М. Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясы.
|
|
4 тоқсан (24 сағат) |
Т.Молдағалиев «Бауырлар» өлеңі. М.Райымбекұлы «Көшбасшы» поэмасы, Эрнест Хемингуэй «Шал мен теңіз» повесі.
|
Бижомарт Қапалбек,
филология ғылымдарының кандидаты