Бүгінгі таңдағы «Сәлафилік» атымен әлемге танылған, алғашында бейкүнә болып көрінген, ислам дінінің алғашқы дәуірлерінде өмір сүрген ұлы сахабалар мен олардың артына еруші үмметтің ізін жалғастырушы болып көрінген бұл ұйымның шынайы діңгегіне үңілуді жөн көрдік.
Бұл ұйымның шығу тарихы жайында еліміздің бірқатар дінтанушы ғалымдары жазып жүргендіктен, бұл мәселеге тоқталмаймыз. Біздің алға қойған мақсатымыз бұл ағымнан еліміздің діни дамуына әкелетін пайдалары немесе зияндары бар ма? Осыған тоқталу. Себебі, бүгінде біз көріп отырғандай бұл бағыттағы кейбір азаматтарға мемлекет тарапынан құқықтық алаң беріліп, олардан белгілі бір дәрежеде пайда көруді мақсат тұтуда.
Бұл ұйымды пайда болғанынан бері күні бүгінге дейін тарих сахнасында мынадай атаулармен кездестіруге болады. «ал-Фырқату ал-Наджия» (Құтылушы қауым), «Әһл ал-Истиқамет» (Тура жолдың иелері), «ат-Тайфату ал-Мансура» (Жаратушының көмектесуші қауымы). Және өздерін тек хадис (Пайғамбарымыздың сүннетімен) жолымен жүретіндер етіп көрсету мақсатында «Әһлу ал-Асар» (Негізгі қайнарларды басшылыққа ала отырып өмір сүрушілер), «Әһл ал-Иттибағ» (Пайғамбарымызға шынайы ерушілер).[1]
Бұл ұйымның дәстүрлі ислам сенімінен айырмашылықтары жайында айта кеткенді жөн санап отырмыз. Өйткені қарапайым мұсылман баласының төзімсіз, сыңаржақ, қатыгез болуының негізгі себебі ақида (сенім) мәселесіне байланысты.
Сәлафилердің ақида негіздері үш нәрседен құралған. Олардың түсінігінше иман:
- «Тасдық» яғни жүрекпен сену;
- «Икрар» яғни сенген нәрсесін тілімен айту;
- «Амал» яғни амал ету, бұйрықтарды орындау, тыйымдардан тыйылу.
Бір адам баласының бойынан бұлардың барлығы табылмаған жағдайда Ол мұсылман болып саналмайды. Яғни «Куфр» (кәпір) болады. Оның малы, жаны, ары адал болып саналады. Радикалдылық пен қатыгездіктің негізі ұшқыны осы жерден пайда болады. Бұл сенім принциптерінің адам баласы үшін өте қауіпті болып саналатыны жайында Мүтакаллим (сенім ілімі) ғұламалары арасында «Иттифақ» (бірауыздан келісушілік) бар. Өйткені тарих сахнасында бірнеше рет бұзғыншылықты, алауыздықты және қанды қақтығыстарға себеп болған. Осындай төзімсіздіктің себебінен мұсылмандардың үш әділ халифасы қастандықпен өлтірілген. Бұл сенім адам баласын өзінің ішкі жан дүниесімен емес өзгелермен яғни қоршаған ортасымен арпалысуына себеп болады. Қоғамда болып жатқан келеңсіздіктер мен кемшіліктердің себебін басқалардан іздейді. Шама-шарқына қарамастан әлемдік маңызды саяси проблемалардың шешімін өзіне жүктейді.
Дәстүрлі ислам сеніміне келетін болсақ, «Тасдық» пен «Икрар» иманның негіздерінен болып саналады. Ал амал болса иманды қорғаушы ретінде танылады.[2] Міне, осы себептен дәстүрлі дінді ұстанушы адамдар мейірбан, кішіпейіл, биязы болып келеді.
Сонымен қатар, сенім принциптерінің асылы ретінде «ал-Ула, уал-Бара» (Имандыларды дос тұту, имансыздармен жау болу) мәселесін насихаттайды. Ең өкініштісі, бұл принцип аясында өздерінің қатарынан болмаған барлық мұсылмандарды да имансыздық санатына жатқызатындығы. Бұл да дәстүрлі ислам сеніміне қайшы болғандығының бір дәлелі.[3]
1991 жылы Сафар ал-Хауали Сауд Арабстан патшасы Фахдқа және сол кездегі бас мүфти Ибн Базға ашық хат жазады. Хатта Сауд Арабстан Парсы бұғазы шайқасында АҚШ-тан мұсылмандарға қарсы көмек алғандығы, шайқастан соң өз саясатын АҚШ үкіметімен біріктіру мәселесін қатты сынады. Сондай-ақ, бұдан алдын шығарылып тасталған ислам ғұламаларының құзіретін қайтаруды талап етті. Нақтырақ тоқталатын болсақ, үкіметтік билік ісіне ғұламаларды араластыру, заң шығару жолдарын шариғи тәсілге қайта бағындыру, білім беру жүйесін ислам дініне сәйкестендіру, БАҚ құралдарын діни әдептілікпен сәйкестендіру. Талаптардың ең бастысы, әрі өзектісі Яхудилерді негізге ала отырып, барлық дін дұшпандарына қарсы және барлық кәпірлерден зұлымдық көріп отырған мұсылман өлкелерін құтқару мақсатында үлкен әскери жасақ құру мәселесін алға қойды.[4] Ибн Баз басқарып отырған Сауд Арабстанның ең үлкен діни мекемесі «Хайяту ал-Кибару ал-Улама» (Үлкен Ғұламалар Кеңесі) Хауалидің көзқарасын зарарлы деп танып, «Оның әрекеттер мен пәтуалары фитнаға себеп болуда» деп, оны қызметінен босатып, барлық еңбектері мемлекет аумағындағы кітапханалардан шығарылып тасталды. Өзін 1994 жылы тұтқынға алды.[5]
Осы мәселеден кейін Сауд Арабстанның мұсылмандарға қарсы АҚШ-тан көмек алғанын басқа да ислам ғұламалары тарапынан зерттеліп, анықтала бастады. Осылайша әлемге «Мұсылмандардың қасиетті топырағы АҚШ қол астына өтуде» деген ұран тарай бастады. Осы кезде Сәлафилер Сауд үкіметін жақтаушы және қаралаушы болып өз ішінен екіге бөлінді. Бұларды Саудтық Сәлафилер (Мадхалия) және Жиһадшы Сәлафилер деп атауымызға болады.
Біздің қоғамда бұл топтардың екеуі де өмір сүруде. Бұл сөзімізден соң біздің қоғамда арабтар жоқ қой деп ойлауыңыз мүмкін. Алайда, осы топтардың сенімі мен діни көзқарастарын, идеологиясын ұстанатын біздің қандастарымыз жайында айтып отырмыз. Ол азаматтар бұл тарихи деректерді білмеуі де әбден мүмкін. Өйткені бұл ағымдардың негіздерінен болған тағы маңызды мәселелерден бірі ұйым мүшелеріне терең ілім бермеу. Басты қайнары ретінде Құранды танығанмен оны түсінуде көмекші құрал болған «Улумул Қуран», «Тафсир» секілді ілімдерді оқытпайды. Басты қайнары ретінде Хадисті танығанмен, оны түсінуде көмекші құрал болған «Мусталахул хадис», «Жарх уа Тағдил» секілді ілімдерді оқытпайды. Яғни Хадис пен Құранды тікелей түсінуді насихаттайды. Ол дегеніміз - өз ғалымдарының түсінігі. Қарапайым қатардағы ұйым мүшесіне араб тілінің ең төменгі дәрежедегі кітаптарын «ал-Арабия байна ядайк» оқытады. Бұл кітаптар дін ғылымын зерттеуге жеткіліксіз. Өйткені, бұл ұйымның орталығы болып саналатын Мәдина қаласындағы «Ислам университетінде» оқыған қандастарымыздың өздері «Усул ал-Фикх» (үкім шығарудың негіздері мен ондағы ереже-қағидалар) іліміне келгенде хабарсыз екендігі байқалуда. Осылайша ұйым мүшелерін ілімсіз ұстап, оларды үнемі өздеріне мұқтаж ету мәселесі ортаға шығады. Өйткені, бұл ұйым мүшелері ислам үшін дәстүрлі болып саналған не сенім, не құқық мазһабтарының ешқайсысын мойындамайды. Тек осы ұйымға тиесілі болған санаулы адамдардың пәтуасымен жүреді.
Саудтық Сәлафилер мен Жиһадшы Сәлафилер арасындағы басты айырмашылықтарға тоқталатын болсақ:
- Саудтық Сәлафилер: Негізінен мұсылмандар әуелі Жиһадпен емес ақидасын дұрыстаумен айналысу керек. Яғни ширктен, (Пұтқа табынушылық) бидғаттан (Дінге жаңалық қосушылық) және күпірліктен (Алладан басқа кез-келген нәрсені құдай деп тану) айрылуы керек. Сенімді дұрыстамайынша Жиһад пайда бермейді;
- Жиһадшы Сәлафилер: Жиһад иманның негіздерінен. Біздің өмірімізде иман қаншалықты маңызды болса империалист мемлекеттердің мұсылмандарға көрсеткен зұлымдықтарына қарсы тұру да соншалықты маңызды;
- Саудтық Сәлафилер: Бұлар өздерінің насихаттарын Бидғаттарды жою, намаз, неке, сақал, қабір зияраты мәселелері жайында көп айтады;
- Жиһадшы Сәлафилер: Бұлар мемлекет құрылымдары және үкім шығару, Яхудилер, Христиандар, Америка және Ресейге қарсы насихаттар, Сионизм ұйымдарының саясаты жайында, жер-жерлерде болып жатқан Жиһадтар, мүжахидтердің (жанкештілердің) мұғжизалары, шаһиттіктің артықшылығы жайында көп айтады.
- Саудтық Сәлафилер: Егер мемлекет басшысы намаз оқитын болса, Оған итағат ету (бағыну) міндет болып саналады. Оған қарсы шығу Хариджилік (Исламда шектен шыққан ағым):
- Жиһадшы Сәлафилер: Басшылардың куәліктеріне немесе діни өмір сүру салтына қаралмайды, олардың шығарылған үкімдеріне қаралады. Адамдардың қолдан жасаған заңдарына және зайырлылық принциптеріне қарсы күрес ашпаса оған итағат етілмейді. (негізінен дәлел ретінде Ибн Таймияның Моңғол, Татарларға қарсы шығарған пәтуаларын әкеледі);
- Саудтық Сәлафилер: Иманды көтерудің Жиһадтан бұрын келетіндігінің дәлелдері: Бидғатшы және залым Аббас сұлтандығының әміріне бағынған Ахмад Ибн Ханбал, Шамды (Сирия, Ирак территорияларының ескі атауы) жаулап алған моңғол қолбасшысы Газан ханның ығына жығылып, халқын аман алып қалған Ибн Таймия, Хиджазды ширк пен бидғаттан құтқару үшін Асуд отбасымен келісімге барған Ибн Абдулуаһһабтар бізге үлгі болуы тиіс;
- Жиһадшы Сәлафилер: Бидғатшы және залым Аббас сұлтандығының сеніміне қарсы тұрып (Құран жаратылған мәселесі) олардың зорлығына шыдап өмірін түрмеде өткізген Ахмад ибн Ханбал, қылышын моңғолдар мен татарларға қарсы қолданған Ибн Таймия, Бағдат көшелерінде харамдар мен бидғаттарға қарсы тұру акцияларын ұйымдастырған имам Бирбахари, Арабстанда пасық, бидғатшы Осман империясына қарсы тұра білген Абдулуаһһабтар бізге өрнек болуы тиіс;
- Саудтық Сәлафилер: Бекітілген бір басшының, лидердің рұқсатымен жүргізілмеген Жиһадтарды қателік деп санайды. Мысалы: Палистинада, Кашмирде және Шешенстандағы сияқты. Мұсылмандар әлі қарулы Жиһадқа дайын емес, қазіргі таңда алдымызда тұрған ұлы міндет мұсылмандарды ширктен, бидғаттан айықтыру, барлық мұсылман әлемін Сәлафилікке өткізу;
- Жиһадшы Сәлафилер: Жиһад кешіктірілмейтін бір бұйрық. Бекітілген бір басшының, лидердің болмаған кезінде кез-келген жамағат өз арасынан лидер сайлап ғазауатқа аттану құқығы бар;
- Саудтық Сәлафилер: Саяси демократиялық, құқықтық мемлекет жүйесін бидғат деп санайды. Монархияны аңсайды;
- Жиһадшы Сәлафилер: Бұлар саяси, демократиялық, құқықтық мемлекет жүйесін тағут (Шайтан басқарған ел) санайды. Әлемдегі мұсылмандарға кәпірлер тарапынан жүргізілген зұлымдықтарға көз жұмып отырған мұсылман монархияларын да сынайды, мойындамайды.
- Саудтық Сәлафилер: Бұлар басқа ешқандай мұсылман жамағаттарымен олардың Сәлафилік көзқарасына өтпейінше ымырагерлікке келмейді;
- Жиһадшы Сәлафилер: Бұлардың түсінігінше, кәпірлерге қарсы қуатты бір жасақ қалыптастыру үшін кез-келген жамағатпен бірігуге болады. Сенім мәселесі кейін жүре бара түзелетін мәселе. Ұлы мақсаттар бар кезде бұл міндеттер мойыннан түсіріледі;[6]
Міне осылайша, ең маңызды деген айырмашылықтарды көрсетуге тырыстық. Бірақ, ескере кететін маңызды бір жайт бар. Бұлардың көріністері алуан түрлі болғанымен заты бір. Яғни, жоғарыда көргеніңізде сүйенетін қайнар көздері, пәтуа беретін ұстаздары, оқытатын білім ошақтары және қарастыратын тақырыптары ортақ. Бұл санап көрсеткен айырмашылықтар уақытша құбылыстар болып табылады. Бұл көңіл-күйдің және шейхтардың пәтуасына байланысты мәселелер. Мысалы: Саид Бурятский, Надр Аухалид, Ахмад Мадинский секілді азаматтар Ресей Федерациясы аумағында емін-еркін «Такфирлік дұрыс емес, Жиһад ол нәпсіңді тәрбиелеу және ілім алу» - деп насихат жүргізіп, бір мезетте ДАИШ (ИГИЛ) қатарынан табылды. Бұлар да сол Мәдина қаласындағы Ислам университетінің түлектері еді.
Біз қолымыздан келгенше зерттеулер жүргізіп көрдік, жоғарыда аталғандарды қорытындылай келіп, бұл бағыттағы азаматтарға құқықтық алаң беру арқылы олардан нәтиже күтудің қаншалықты орынды, орынсыз болғаны белгілі болды. Алдымыздан шыққан кішкене қиыншылықтардан құтыламыз деп жүргенде, бабаларымыздан жалғасып келе жатқан ұлы мұрадан арылып қалмайық. Себебі бұл Ханафи мәзһабын, Матуруди ақидасын біз өзіміз даналығымызбен таңдап алған жоқпыз. Сонау ықылым замандарда дана болған бабаларымыз халқының болашағы үшін дінді әбден зерттей отырып, ең сахихын, ең өміршең мәзһабтарды бізге белгілеп берген. Біз бұл мәзһабтарды оқыған сайын ол бабларымызға шексіз қарыздар екенімізді сезінудеміз.
Теолог, магистр Т.Талдыбаев
[1] Muhammad Fethi Osman, es-Selefiyye fil-Muctami’ati’l-mua’sıra, er-Riyad, 1401-1981, s. 20: Muhammad Said Ramazan el-Buti, es-Selefiyye: Merhale zemeniye vubarake la mezheb İslami, Dımeşk, 1408/1988, s. 9-11,14,19: Müfrih bin Süleyman el-Kavsi, el-Menhacü’s-Selefi, er-Riyad, 1422/2000, s. 36-44.
[2] Es-Samerkandi, Sauad’ul Ağzam
[3] Müfrih bin Süleyman el-Kavsi, el-Menhacü’s-Selefi, er-Riyad, 1422/2000, s. 25: Abdurrahman Abdümalik, el-Usulü’l-ilmiyye li’d-davati’s-Selefiyye, Kuveyt, 1395, s. 10-35: Abdullah bin Abdülhamidtl-Eseri, Selefi Salihin’in akidesi, çev. M. Ün, İstanbul, 1999:
[4] Risaletü’l-ulema fi’s-Su’udiyye ile’l-Melik Fehd ve Müzakkeratü’n-nasiha, “The Rise of Politikal İslamism in Saudi Arabia”, Middle East Journal, 48 (1994), 630-4
[5] Mehmed Ali Büyükkara, Çağdaş İslam Akımları, İstanbul, 2016, s. 68:
[6] Mehmed Ali Büyükkara,”11 Eylül’le Derinleşen Ayrılık: Suudi Selefiyye ve Cihadi Selefiyye”, Dini araştırmalar, 20 (2004), s.205-234: