Кеше кешкі 20.00 шамасында Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінің жауынгерлері Астана қаласы Алтынсарин көшесінде жанып жатқан «Volkswagen Passat» маркалы көлікті байқайды. Әскери жасақ бастығы Әлімқұл Темірлан мен патрульдер Бейімбет Мұратұлы және Мағжан Айдарханов оқиға туралы дереу әскери жасақ кезекшісі аға лейтенант Ербол Жумин мен патрульдік топ бастығы сержант Қизат Пішембаевқа баяндайды. Артынша Сарыарқа ауданы ІІБ «Барс» кезекші қызметі арқылы өрт сөндіру жасағын шақырады.
Ұландықтар ең бірінші кезекте көлік ішінде абдырап отырған көлік иесінің 4-5 жасар немересін сыртқа шығарады. Содан өрт сөндіру қызметі келгенше уақыт жоғалтпай, оқиға орнын қоршауға алып қауіпсіздік шаралары мен өртті сөндіруге кірісіп кетеді. Көшедегі көліктер мен жақын маңдағы №25 мектептің көбікті өрт сөндіргіш құралдарын пайдалана отырып, жалынды ауыздықтайды.
Көлік иесі 1947 ж.т. Андрюсенко Юрий Петрович дер кезінде көмекке келіп, жамандықтың алдын алған Ұлттық ұлан әскери қызметшілеріне ризашылығын жеткізіп, 5573 әскери бөлімі командирінің атына алғыс жолдады.