Таразда Тұран Әлем Банкiнiң бұрынғы төрағасы Ержан Тәтiшевтi өлтiрдi деп айыпталып отырған бизнесмен Мұратхан Тоқмәди iсiне қатысты сот процесi жалғасуда. АҚШ-тан келген криминалист мамандар Ержан Тәтiшевтiң өлiмiне байланысты өз сараптамасын жасады. Бүгiн сот отырысында тәуелсiз сарапшы зерттеу қорытындысымен таныстырды, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Baq.kz мәліметіне сүйене отырып.
Ержан Тәтішевтің өлімінен кейін төрт мәрте сараптама жасалғаны мәлiм. Бірақ, бір қорытындыда германиялық мылтық өздігінен атылуы мүмкін емес десе, ендi біреулер олай болуы мүмкін деген ұйғарымға келген. Марқұм банкирдің отбасы бұл мәселеге нүкте қою үшін сараптама саласында 20 жылдан астам тәжірибесі бар америкалық Майкл Патрик Мерфи, Скотт Майкл Перкинс пен Ирис Делли есімді мамандарға жүгінген. Олар бүгiн Тараздағы сотқа қатысып отыр. Отырысқа сондай-ақ Тәтiшевтер отбасының адвокаты Евгений Яворский қатысуда.
Майкл Патрик Мерфи қылмысты зерттеу, оның iшiнде адам өлiмiн тергеу саласында 25 жыл жұмыс iстейтiнiн айтты.
«Маған осы өлiмдi зерттеу ұсынысы түстi. Сол себептен сот-сараптамалық топ құрдым. Мен осы топтың жетекшiсiмiн. Топта медициналық, криминалдық, қан таңбаларын зерттейтiн сарапшылар жұмыс iстедi. Бiз қазақстандық полиция қызметiмен жұмыс iстеп, қажеттi ақпарат жинадық. Қылмыс болған жерге де бардық. Барлық сарапшылар өз зерттеуiн жүргiзiп, қорытындысын жасады. Менiң негiзгi жұмысым - оқиғаның себебiн анықтау. Осы оқиға жайлы айтсам, адам (Ержан Тәтiшев - авт.) арт жақтан атылған. Қару оған әдейi бағытталған. Ал жанында отырған адам оны өлтiре алмайды. Жүргiзушi алға қарап келе жатқанда өлтiрiлген. Бұған оқтың ұшу бағыты мен марқұмның алған жарақаттары дәлел. Қару өте қымбат болған. Бұндай қару ешқашан өзi атылмайды. Бiз осы қаруды тазалайтын адаммен сөйлескенде, ол қарудың жағдайы жақсы болғанын айтты. Осы оқиғадан кейiн қару полицияда да тексерiлген. Олар да қару өздiгiнен атпайды деген. Қарудың серiппесiн баспаса, ол өздiгiнен атылмайды. Қару кейiннен бiреумен өзгертiлген», - дедi Майкл Патрик Мерфи.
Жуырда сот процесiнде Тәтiшев абайсызда өлтiрiлдi деп тану үшiн қаруға механикалық өзгерiс жасалғаны белгiлi болды. Осылайша, қару өздiгiнен атылды деген қорытынды шыққан. Өзгерiс жасаған куәгерден де жауап алынған едi.
Майкл Патрик Мерфидiң айтуынша, Ержан Тәтiшев қасақана өлтiрiлген. Себебi, қару оған әдейi бағытталып, ол өлтiрген адамның қолында қалған. Ал, абайсызда жасалған қылмыс болса, қару қолдан құлап, басқаша жатушы едi.
Атап өтсек, кеше сот отырысында тараптар оқиға орнында түсiрiлген видеомен танысты. Видеода Тоқмәди Тәтiшевтi қалай өлтiргенiн көрсеттi.
Бүгiн сот-медициналық сарапшы Анатолий Васильевтен жауап алынды.
Алматы қаласы бойынша Сот сараптамасы институтының сот-медициналық сарапшысы Анатолий Васильев - 2004 жылы Тәтiшевтiң өлiмiне байланысты кешендi сараптама жүргiзген мамандардың бiрi.
Сарапшының айтуынша, сол кезде кешендi сараптамамен бiрнеше адам айналысқан. Ал, өзi медицина қызметкерi ретiнде зерттеу жүргiзген.
«Мен марқұмның терiсi мен киiмдерiн зерттедiм. Жарақат алған адамның оқ тиген жерi - басында оқ күйесiнiң iздерi қалған. Свитерi мен күртешесiн де зерттедiм. Олар да ыс болған. Зерттеулер нәтижесiнде ыстың құрамынан қорғасын анықталды. Оқ тым жақын жерден, 10-15 см қашықтықтан атылды деп айтуға болады. Марқұмның басына оқ оң жақ тұсынан атылған», - дедi Васильев.
Маман 2004 жылы барлық зерттеушiлер бiрлесе жұмыс атқарған дейдi. Қаруды Кисилев зерттегенiн де жеткiздi.
«Кисилев қаруды жан-жақты зерттедi деп сенiммен айта аламын. Ол қаруды резеңке балғамен жан-жақтан соқылап, басқа да зерттеу түрлерiн жасап көрдi. Осылайша, оқ өздiгiнен атылмайды деген қорытындыға келдi. Қару жаңа болған. Әрi, «Заур» деген бүкiл әлемге әйгiлi қару екенiн бiлемiз. Кисилев бұл қорытындыны судья мен Тоқмәдидiң адвокатына көрсеттi. Бiрақ, адвокат бұнымен келiспейтiнiн айтты. Кейiннен мен қосымша сараптама жасалғанын естiдiм. Оның қорытындысы бойынша қару өздiгiнен атылуы мүмкiн делiнген екен. Сол кезде сотта Бiшманов та (Бiшманов - Сот сараптама орталығының басшысы - авт.) қару ескi болғандықтан өздiгiнен атылады деген болатын. Бiз әрине бұнымен келiспедiк. Кисилев те өз зерттеу жұмысын қорғады. Мен кейiннен тағы сараптамалар жасады деп естiдiм. Бiрақ, олар жайлы мен бiлмеймiн», - дедi Васильев.
Ал, қаруға кейiннен сараптама жасаған сарапшылардың бiрi - Михаил Ломакин сотта қарудың су жаңа болғанын айтады. Оның айтуынша, қару 2003 жылғы.
«Бұл бағалы қару болғандықтан оғы да дәл тиедi. Өзiн сыйлаған кез келген аңшы аңға шыққанда қаруын сайлап алады. Ешқашан нашар қарумен бармайды. Бұндай қару өте ұзақ қызмет етедi. Ол күнiне 100 рет оқ атса да кем дегенде 25 жылдан астам уақыт бойы қызмет етуi тиiс», - дедi Михаил Ломакин.
Атап өтсек, бүгiн адам өлiмiн тергеу саласында 25 жыл жұмыс iстейтiн Майкл Патрик Мерфи қару өздiгiнен атылмайтынын, Ержан Тәтiшев әдейi өлтiрiлгенiн айтты. Және де бүгiн сарапшылар - Скотт Майкл Перкинс пен Ирис Деллиден жауап алынды.
Жуырда сот процесiнде Тәтiшев абайсызда өлтiрiлдi деп тану үшiн қаруға механикалық өзгерiс жасалғаны белгiлi болды. Осылайша, қару өздiгiнен атылды деген қорытынды шыққан. Өзгерiс жасаған куәгерден де жауап алынған едi.
Сондай-ақ, кеше сот отырысында тараптар оқиға орнында түсiрiлген видеомен танысты. Видеода Тоқмәди Тәтiшевтi қалай өлтiргенiн көрсеттi.
Еске салсақ, Таразда Тұран Әлем Банкiнiң бұрынғы төрағасы Ержан Тәтiшевтi өлтiрдi деп айыпталып отырған бизнесмен Мұратхан Тоқмәди iсiне қатысты сот процесi өтiп жатыр. Осылайша, 14 жыл бұрынғы қылмыс қайта тексерiлуде. Ал, 11 жыл бұрын бизнесмен Тоқмәди дәл осы қылмысы үшiн жазадан сытылып кеткен болатын. Сол кезде қылмыс абайсызда жасалды делiнiп, Мұратхан Тоқмәди Тараз қалалық сотының 2007 жылғы 3 қыркүйектегi үкiмiмен бiр жылға бас бостандығынан айырылып, рақымшылықпен жазадан босатылды. Бұл iс бойынша тергеу амалдары мен соттар 3 жылға созылған едi.
2017 жылғы 12 маусымда Алматыдағы арнайы операция барысында «ҚазСтройСтекло» ЖШС бас директорының кеңесшiсi Мұратхан Тоқмәди ұсталды. Бизнесмен «Iрi көлемдегi мүлiкке ие болу мақсатында бопсалау» бабы бойынша қылмыс жасады деген күдiкпен құрықталып, үш жылға бас бостандығынан айырылды. 2017 жылғы қазанда КТК арнасынан көрсетiлген фильмде Тоқмәди Ержан Тәтiшевтi өлтiргенiн мойындап, банкирдiң көзiн Мұхтар Әбләзовтың тапсырысымен жойғанын айтты. Сондай-ақ, Әбләзовтен Тәтiшевтi өлтiру үшiн 2 траншпен 4 млн доллар көлемiнде сыйақы алғанын да жасырмады. Осылайша, Мұхтар Әбләзов Ержан Тәтiшевтiң өлiмiнен кейiн Тұран Әлем Банкiнiң басшылығына келген. 2018 жылғы 16-ақпанда Жамбыл облыстық сотында Тоқмәдиден жауап алынып, ол осы айтқандарын растады.